Алматыда бір жастағы баланы өз ауласында тоқ соққан. Бала ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Оқыс оқиға кеше кешкі сағат 6-лар шамасында көпқабатты үйдің бірінде болған.
Анасы Динара Бимұрзаеваның айтуынша, бір жастағы қызы аулада ойнап жүріп, абайсызда жарықшам бағанасын ұстап алған.
Алғашында тоқ ұрғанын аңғармай, тек бүлдіршін жерге сұлқ түскенде түсінген. Дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер сәбидің ішкі құрылыстарына зақым келген, қазір жағдайы орташа ауыр деп отыр. Қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты тексеріс бастады.
Жантуар Қожабеков, бүлдіршіннің әкесі:
Қызымның жағдайына алаңдап отырмын. Электр тоғынан күйік алып, ішкі ағзасы зақымданған. Күйік шалған жері жазылып кетер. Бірақ тоқ соққаннан жүрегінде ақау бар, емдеу қажет дейді дәрігерлер. Қазір құрылыс компаниясына арыз жаздым. Құзырлы орган өкілдерімен сөйлестім. Кінәлілер анықталып, жазаланса екен деймін.
Ал көпқабатты тұрғын үйді салған ірі құрылыс компаниясы нысанды наурыз айында «мүлік иелерінің бірлестігіне» өткізгенін алға тартты. Бірлестік өкілдері болса, ғимарат қараша айына дейін кепілдік мерзімінде, сондықтан біздің жауапкершілігімізге жатпайды деп отыр. Жазатайым оқиғаға кінәлілер сот шешімінен кейін анықталады.
Маржан Халелова, мүлік иелері бірлестігінің өкілі:
Біз де өз тарапымыздан оқиғаны анықтап жатырмыз. Аурухана не полициядан қорытынды алмадық. Бейнебақылау жазбаларын көргенімізде баланың теріс қарап отырғаны ғана түсіп қалған. Нақты тоқ соққаны көрінбейді. Біздің ойымызша, бұл жерде құрылыс компаниясынан кеткен олқылықтар бар.
Нұрдәулет Сыздық
