Президент: Ұстаздық – ұлы миссия - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Ұстаздық – ұлы миссия

15.08.2025

Мектептен тыс жерде ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Елордада өткен республикалық Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімнің құқығын қорғау мәселесіне жеке тоқталды. Оны жіті қадағалау прокуратураға жүктеліп отыр. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты бес басымдықты атады. Мәселен, мұғалімдер мен оқушылар жасанды интеллект тілін меңгеруі қажет.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Адал азамат, кәсіби маман. Биылғы Тамыз конференциясы осындай ұранмен өтіп жатыр. Білім келешегі, оқу үдерісіндегі өзекті мәселелерді сарапқа салу үшін бүгін Астанаға еліміздің әр түкпірінен мың жарымға жуық ұстаздар қауымы жиылды.

Білім саласы Қазақстанда үлкен маңызға ие. Елімізде 8 мыңға жуық мектеп бар. Оларда 600 мыңға жуық педагог, 4 миллиондай оқушыға сабақ береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр.

2019 жылдан бері білім саласының бюджеті 3 есеге артқан. 1200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы 217 мектеп салу жоспарланған. Соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек.

Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Осылай деген Мемлекет басшысы білім сапасын ұдайы жақсартуды тапсырды. Ол үшін ұстаздар әрдайым ізденісте болуы керек.

Мұрат Тұрысбек, Тараз қаласы №67 мектеп-гимназиясының директоры:
Біз альфа ұрпақтарын тәрбиелеп жатырмыз ғой. Өйткені оқушылар қазір іс-әрекет арқылы оқиды. Және де алған білімдерін өмірде қолдануға бейім оқушыларға ұстаздар міндетті түрде қазіргі заманның балаларының деңгейіне түсіп оқытпаса, әрбір сабақ қызықсыз болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан мұғалім үздіксіз ізденіп, қазіргі интервенция тәсілдерін сабаққа үнемі енгізуі қажет.

Биылдан бастап еліміздің барлық мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Президент бұл жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынды.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
 Мектептің ата-аналар комитеттерінің қызметі трансформацияланады. Еліміздегі барлық балал мен жасөспірім қозғалысы жандандырылады. Мектептерді ішкі безендірудің бірыңғай дизайн-кодын енгізу басталды.

«Озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз. Президент әсіресе жасанды интеллект тілін меңгеру маңызды деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды. Бұл педагогтерге де қатысты.

Енді биыл барлық мұғалім жасанды интеллектіні меңгеріп, 3 деңгейлі курстан өтеді. Ол ЮНЕСКО бағдарламасының негізінде жасалған.

Аида Мейірқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

Барлық педагогтың оқушыларының алдына келетін жас деңгейін ескеретін бастауыш мұғалімдеріне арналған, орта білімге арналған. Сонымен қатар кешенді мектептерге арналған білім беру бағдарламасын әзірледік. Үшінші деңгей бағдарламасында информатика пәнінің мұғалімдері жасанды интеллект жобаларын, яғни өнімдерін жасайды деп күтіледі.

Мұғалімнің құқығын қорғау – басты міндет. Ұстаз оқушыға сабақ беріп, білім берумен ғана айналысуы керек. Дегенмен кей өңірлерде заң талаптары өрескел бұзылған. Енді мұны Прокуратура қадағалауына алады. «Педагог мәртебесі туралы» заңға да ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес.

Жиын соңында Мемлекет басшысы озат шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолда адал еңбегімен ерекшеленген 25 педагогты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Абзал Назымбекұлы, Көкшетау Білім-инновация лицей-интернаты тарих пәнінің мұғалімі:

Әрине қобалжу болды, түнімен ұйықтаған жоқпыз. Президенттен осы 20 жылдық жұмыс өтілімде марапат аламын деп ойлаған емеспін. Менің бар арманым тек балаларды биік шыңдарға жетелеу, үлкен олимпиадаларға, додаларға дайындау болды.

Айсұлу Сайлауханқызы, математика пәнінің мұғалімі:

Ұстаздық деген мен үшін ең үлкен мәртебе. Оқушыларға білім беріп, оларды біліммен сусындандыру. Еліміздің экономикасын көтеретін, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеп шығару - мен үшін үлкен міндет.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша Мемлекет басшысы жаңа оқу жылының қарсаңында білім саласының өкілдеріне үй тапсырмасын үйіп төкті. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға мемлекет басымдық бермек. Сөз соңында Президент Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия екенін тағы бір еске салды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу