Жұмысшы мамандықтар жылына орай Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында мемлекеттің қолдауымен пилоттық жоба қолға алынды. «Самұрық үміті» деп аталады. Мақсат - ата-анасы жоқ балаларды оқушы кезінен бастап жұмысшы мамандықтарына бағыттау, еліміздің кадрлық әлеуетін нығайту. Қазірдің өзінде жаңа бастама нәтижесін көрсетті. Ең бастысы оқушы өзінің қарым-қабілетіне қарай кәсіп таңдай алады. Кейін еш кедергісіз жұмысқа орналасады
Әлфия Әдиева, «Самұрық үміті» жобасының авторы:
Бүгінгі таңда 8-9 сыныптан 100 бала таңдалды. Оның ішінде биылғы жылы 54 бала 9-сыныптан алынды. 54 баланың 40-ы жұмысшы мамандыққа 9-сыныптан кейін оқуға түсеміз деп, бел буып отыр. Қазір құжаттарын тапсырдық. Бұл балалар біздің жобамыздың алғашқы қарлығаштары.
Балаларды өндірістегі еңбекке баулу 8-сыныпта басталады. Бір жыл бойы олар кәсіпорындарға барып ондағы жұмысты көреді. Ұнамаса, өз қалауы бойынша басқа мамандық таңдайды. Пилоттық жоба үшін Павлодар облысының таңдап алынуының себебі - аймақта 80 мыңнан астам адам еңбек ететін мыңнан артық өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Мұнда еңбек ететін қызметкерлердің 75 пайызы жұмысшылар.
Болат Аманбаев
