АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның ресейлік әріптесі Владимир Путин жұма күні Американың Аляска штатының Анкоридж қаласындағы әскери базада кездесетін болды. Мұны «CNN» телекомпаниясы мен «Нью-Йорк Таймс» газеті хабарлап отыр.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы – Украинада үш жарым жылдан бері жалғасып жатқан соғысты тоқтату. Трамп дүйсенбі күні мәлімдегендей, Украина бейбітшілік үшін Ресейге жер беруі керек. Мұндай позицияға Киев пен оның еуропалық одақтастары үзілді-кесілді қарсы.
Тағы бір айта кететін жайт, бүгін Еуропа елдерінің лидерлері мен президент Владимир Зеленский Трамппен онлайн-байланысқа шығып, Құрама Штаттар басшысын ымыра үшін Украинаның мүддесін сатпауға шақырмақ.
Дегенмен Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлағандай, тамыздың 15-де Трамп пен Путин бір-бірінің позициясын тыңдау үшін ғана бетпе-бет жүздесейін деп отыр.
Арыстан Рысбек
