Ресейдің мұнайы арзандап, бюджетке түсетін кіріс төмендеді. Өйткені жоспар бойынша қара алтын 2025 жылы барреліне 70 доллардан сатылуы тиіс еді. Алайда қазір оның құны орта есеппен 60 доллар. Салдарынан бір айдың өзінде бюджет тапшылығы артқан.
Ресей бюджетінің 30 пайызы мұнай-газ түсімдеріне тікелей тәуелді. Биыл шілдеде мұнай мен газдан түскен кіріс өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 27 пайызға төмендеді, барлығы 9,8 миллиард доллар ғана болды. Сондықтан елде инфляция артты.
Максим Чирков, экономист:
Бұдан ең алдымен тұрғындар жапа шегуде. Жағдай мүшкіл. Санкция салдарынан несиенің пайыздық мөлшерлемесі өсіп, коммуналдық төлемдер де қымбаттап кетті. Инфляция тек азық-түлік бағасына емес, барлық салаға кері әсерін тигізуде. Ресейде 50 милллионан астам тұрғынның несиесі бар. Бұл сұмдық қой. Яғни, халықтың үштен бірі банкке қарыз. Мұндай жағдай ешқашан болмаған.
«Батыс елдерінің енгізген санкциялары, оның ішінде «көлеңкелі флот» жүйесіне қатысты шектеулер Ресейдің мұнай түсіміне әлі де кері әсерін тигізеді»,- дейді экономистер. Орталық банк Ұлттық қордағы қаражатқа сол созуға мәжбүр. 2019 жылдан бері Ресейдің қордағы қаржысы 3 пайызға қысқарған. АҚШ Ресейден мұнай сатып алатын елдерге 100 пайыздық кедендік баж салығы енгізіледі деп, мәлімдеген соң көрші елдің мұнайына сұраныс бірден төмендеді.
Марсель Салихов, РФ энергетика және қаржы институтының президенті:
Ресей мұнайының бағасы тіпті барреліне 48-49 доллардан болуы мүмкін. Бұл мұнай түріне байланысты сақтандыру, тасымалдау бағасы өседі деген сөз. Яғни, доллар тағы қымбаттайды.
Орталық банк инфляцияны төмендету үшін арнайы шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Дегенмен Еуропалық Одақ Ресейге қарсы тағы да жаңа 19 санкциялар пакетін әзірлеуде.
Индира Бегайдар
