Өзбекстанда аптап ыстыққа байланысты балабақшалар уақытша жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда аптап ыстыққа байланысты балабақшалар уақытша жабылды

17.07.2025

Өзбекстанның кей өңірлерінде аптап ыстыққа байланысты балабақшалар уақытша жабылды. «Узгидромет» бүгіннен бастап ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілетінін хабарлады. Елде аптап ыстықтың екінші толқыны басталды. Осыған байланысты Қарақалпақстан Республикасының 3 бірдей аймағында мемлекеттік балабақшалардың жұмысы тоқтатылды. Жергілікті билік өкілдері сәбилердің денсаулығына қауіп төнбеуі үшін және санитарлық нормаларды сақтау мақсатында осындай шешім қабылдаған. Яғни, күн шамадан тыс ысыған мезгілде тамақтан улану немесе өткір ішек инфекцияларын жұқтыру секілді жағдайлар болуы мүмкін. Дәрігерлер мен төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарға ыстықтан барынша қорғану қажет екенін ескертіп жатыр.

Азимжон Нарзуллоев, Гидрометеорологиялық қызмет агенттігінің басқарма басшысы:

Елдің оңтүстігі мен шөлейт аймақтарда ауа температурасы +45 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. Ал солтүстіктегі бірнеше облыста +43 градусқа дейін ыстық болуы ықтимал. Тұрғындарды өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға, қауіпсіздік шараларын мейлінше сақтауға шақырамыз.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу