Отбасындағы зорлық-зомбылық 21 пайызға азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отбасындағы зорлық-зомбылық 21 пайызға азайған

16.07.2025


Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері 1 жыл ішінде 21%-ға азайған. «Бұған себеп - заңның күшейгендігі», - дейді сала мамандары. Ал қиын жағдайға тап болған жандар үшін елімізде 30-ға жуық дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Олар қандай көмек көрсетеді?

Кейіпкеріміз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған соң, 2 баласын ертіп, Астанадағы дағдарыс орталығын паналапты. Мұнда тұрып жатқанына 1 айға жуықтаған.

 «Үміт» дағдарыс орталығы - 12 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда 18-58 жас аралығындағы кез келген зәбір көрген жан 1 айдан 6 айға дейін тұра алады. Медициналық, психологиялық, құқықтық, педагогикалық көмектер көрсетіледі. Орталық ішінде балабақша да бар. Жергілікті әкімдік тарапынан орталықтың жұмысын бақылап, дамыту мақсатында арнайы комиссия құрылған.

Айгүл Шамшатова, «Үміт» дағдарыс орталығы директорының әлеуметтік істері жөніндегі орынбасары:

Жиһаздармен жабдықталған төсек-орны бар, таза, жарық, жылы орындарды ұсынамыз. Сонымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 бағыты бойынша жұмыс істейміз. Зорлық-зомбылық көру сияқты жағдайлармен қайта біздің орталыққа екінші рет келетін қызмет алушылар да болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері 1 жыл ішінде 21%-ға азайған. Яғни, былтыр 40 мың шағым түссе, биыл 17 мыңнан аса шағым тіркелді. Бүгінде зардап шеккендерге көмек көрсететін 30-ға жуық орталық бар. Олардың бәрі де ірі қалалар мен аудан орталықтарында орналасқан.

Азамат Рашитов, ҚР ЕХӘҚМ Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаментінің бас сарапшысы:

Азайды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені бізде осы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатайды. Бізде жалпы 7 жылда 2017 мен 2024 жыл аралығында біз осы орталықтарда 27 мың адамға қолдау көрсеткен болатынбыз. Негізгі мақсат жаңа айтып кеткендей, мұндай орталықтарды керісінше азайту.

Министрлік дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін іске қоспақ. Яғни, бұған дейін жергілікті әкімдік тарапынан жалпы орталыққа қаражат бөлінсе, енді нақты көмек алған азаматтың шығынына сай қарастырылады. Сондай-ақ әр өңірдің экономикалық жағдайы да ескеріледі.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу