Өзбекстан келешекте өздері өндірген жасыл энергияны Қазақстан мен Әзербайжан арқылы Еуропаға экспорттауды жоспарлап отыр. Ол үшін жуырда үш ел бірлесіп «Жасыл дәліз одағы» кәсіпорнын құрды.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Мен қазір Өзбекстанның ең оңтүстік нүктесі саналатын Сурхандария облысында тұрмын. Бұл жер таудың бөктері, сарқырап ағып жатқан өзен көп. Мол суды тиімді пайдаланып, бір жерге жинақтап, су қоймаларын салып, шағын электр стансаларының құрылысын жүргізу соңғы жылдары қарқын алған. Мақсат - халықты мейлінше арзан, жасыл энергиямен қамтамасыз ету.
Дүниежүзілік банк Өзбекстанда шағын су электр станцияларын салуға 150 миллион доллар жеңілдетілген несие беруді мақұлдады. Жоспарға сай, жалпы қуаты 150 МВт болатын қосымша станциялар салынбақ. Ол үшін арнайы учаскелер белгіленді. Бүгінде шағын нысандардың алды қуат көзін өндіруге кіріскен.
Сухроб Мейлибоев, «Зарчоб-3» шағын СЭС өкілі:
Екі агрегат іске қосылды. Тәулігіне 16 МВт қуат өндіріп жатыр. Бұл бір жылда 65 млн КВт сағат электр энергиясын шығаруға мүмкіндік береді. Келешекте бүтін Сурхандария облысын қуатпен үздіксіз қамту жоспарымыз бар.
Су электр станцияларының саны кейінгі жеті жылда 36-дан 77-ге артқан. 2028 жылға қарай жиынтық қуаты 3,3 ГВт болатын су электр станцияларын салу жоспарланған. Елде жалпы 50-ден астам су қоймасы бар. Солардың бірі Топалаң көлінің маңындағы бірнеше шағын станция.
Сайдваххос Хамроев, «Топалаң» су қоймасы директорының орынбасары:
Су қоймасының сыйымдылығы 500 млн текше метр. Қазір мұнда 430 млн текше метр су жиналған. Жылына 175 МВт қуат өндіріледі. Мұнан бөлек, аймақ тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.
Қазақстан, Өзбекстан мен Әзербайжан жасыл энергияны бірлесе дамытуға уағдаласқан. Келісімді өткен жылы үш елдің басшылары қабылдады. Өзбекстан 2030 жылға қарай ішкі сұранысты толық қамтып, артық қуатты Еуропаға экспорттауға ниетті. Тасымал Қазақстан және Әзербайжан арқылы өтеді. «Жасыл» энергетикалық дәліз құру бойынша құжатқа шілде айының басында Баку қаласында қол қойылды.
