Вашингтон мен НАТО Киевке миллиардтаған доллардың қаруын жөнелтуге келісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон мен НАТО Киевке миллиардтаған доллардың қаруын жөнелтуге келісті

15.07.2025

АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке миллиардтаған доллардың қаруын беретінін жариялады. Және де Құрама Штаттар лидері Украинада соғыс алдағы 50 күнде тоқтамаса, Ресей экспортын қабылдаған елдерге қатаң тариф енгізетінін ескертті.

Бір кездері Украинадағы соғысты 24 сағатта тоқтатуға уәде берген республикалық президент Дональд Трамптың соңғы қадамдары оның өзгергенін байқатып отыр. Екінші мерзімге кіріскеннен кейін украиналық әріптесін бірбеткей деп сынаған Құрама Штаттар лидері енді Кремль басшысына қаһарын төге бастады.

Дүйсенбі күні Ақ үйде НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен өткен кездесуде Трамп Путин Украинамен 50 күнде бейбіт келісім жамасаса, Ресейдің сауда серіктестерін жазалайтынын ескертті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Біз мүлде риза емеспіз. Егер 50 күнде келісімге қол жеткізбесек, өте қатаң баж салығын саламыз. Оның көлемі 100 пайызға жетеді. Сіздер бұл шараны екінші реттегі тариф деп атайсыздар. Және де оны бәріңіз түсінесіздер.

Сонымен қатар осы кездесуде Трамп Украинаға миллиардтаған доллардың қаруын жөнелтуге уәде берді. Сол қауіпсіздік пакетіне «Пэтриот» әуе қорғанысы жүйесі мен оның ракетелары кіреді.

АҚШ президенті Киевке мұндай қарудың 17 данасы тез арада жететінін атап өтті. Бірақ осы арсеналды Украинаға НАТО елдері сатып әперуі керек.

Айта кетсек, «Пэтриоттың» радары 150 шақырым қашықтыққа жетеді. Ол әуеде ұшақтарды, баллистикалық зымырандарды, дрондарды құлатуға арналған. Пентагонға сенсек, «Пэтриот» 2023 жылы Украинада тіпті Ресейдің «Кинжал» деген дыбыстан да жылдам ұшатын зымыранын атып түсірген. Бірақ Мәскеу бұл мәліметтер растамай отыр.

Уильям Тейлор, АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі және атлантикалық кеңес қызметкері:

Украинада «Пэтриот» зымырандық жүйелері бар. Олар мұндай қаруды қалай қолдану керектігін жақсы біледі. Және өте тиімді пайдаланып жүр. Украина «Пэтриоттың» құндылығын терең түсінеді деп ойлаймын. Бірақ ел аспанын қорғау үшін Украинаға мұндай жүйе көп қажет.

Украина президенті Владимир Зеленский елін қорғауға әзірлік білдіргені үшін Трампқа үлкен алғыс айтты.

Ал осыдан бірер сағат бұрын Мәскеу Трамптың Ресей мен оның президентіне қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмиртрий Песковтың ойынша, АҚШ президентінің Ресей экспортын қабылдаған елдерді жазалау әрекеті жеңіл-желпі қарайтын дүние емес - сараптауды, талдауды қажет ететін мәселе.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу