Желідегі сауданың қарқынды дамып жатқанын ескерсек, азаматтардың алаяқтарға алданып қалуы да жиілеген. Дегенмен Сауда және интеграция министрлігі жыл басынан бері 800 миллион теңгеден астам қаржыны тұтынушыларға кері қайтарған. Яғни, азаматтардың сапасыз тауарлар мен қызметтерге қатысты шағымдары қаралып, құқығы қорғалған. Мәселен, Павлодар мен Жетісу облыстарында ондаған тұтынушының косметика жиынтығы үшін рәсімделген 11 миллион теңгеге жуық несиесі қайтарылған. «Шағымдардың басым бөлігі ақауы бар тауарлар мен онлайн сатып алу барысындағы алаяқтыққа қатысты», - дейді құқық қорғау комитетінің өкілдері. Оның алдын алу үшін халықтың киберсауатын арттыру керек, деп отыр.
Шәкәрім Хайдар, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылау және үйлестіру басқармасының сарапшысы:
Ең алдымен, сатушының БСН/ЖСН нөмірін, заңды және тұрғылықты мекенжайын сұрату керек. Төлем жасағанда да жеке нөміріне немесе карта нөміріне аударым жасап қажет емес. Міндетті түрде QR-код немесе қашықтан төлем жасауды сұрату қажет. Ең бастысы – өзге де тұтынушылардың пікірін зерттеп, мұқият танысу керек.
Ақниет Балтанова
