Алматы облысында жеткіншекті талап тастаған иттердің иесі, бейнебақылау камерасына түскен кадрларды жариялады. Алмаз Халиев өзі басқаратын оңалту орталығының ауласында бес ит ұстаған. Айтуынша, балалар қоршаудан секіріп кіріп, орталықтың аумағында тыныш жатқан иттерге өздері тиіскен. Әдейі өршіктірген деп отыр. Жеткіншектердің әрекеті ит иесінің желіде таратқан видеоларында анық көрінбейді.
Алмаз Халиев, Оңалту орталығының директоры:
Видеода балалардың алаңның айналасында ойнап жүргені көрініп тұр. Яғни, оқиға стадионда болған жоқ. Біз иттерді бұрыннан ұстаймыз. Олар күндізгі уақытта реабилитациялық орталықтың аумағында ғана жүреді. Осы уақытқа дейін біреуі де ешкімге зиян тигізген емес. Сонда да сақтық үшін орталықтың сыртындағы қоршауға «Абай болыңыз! Қабаған ит!» деген үлкен етіп жазып қойғанбыз.
Алмаз Халиевтің реабилитациялық орталығы осыдан 25 жыл бұрын ашылған. Мұнда нашақорлықпен күресіп жүрген науқастар емделеді. Ал иттерді қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұстаймыз, дейді орталық директоры. Бірақ ауыл әкімі Ислам Ибатжанның айтуынша, бұл аумақта ит ұстау заңға қайшы. Реабилитациялық орталықта сыртқа шығатын бір емес, бірнеше есік болғаны, ол тура стадионға баратын жерде тұрғаны және бар деді. Демек иттер кез келген уақытта балалар ойнап жүрген аумаққа шығып кете алады.
Ислам Ибатжан, Ұмтыл ауылдық округінің әкімі:
Ол жерде футбол алаңына шығатын есік болмауы керек. Олардың алдыңғы жақтан қақпасы бар, тек сол жақтан шығуы керек. Оның ішінде бес ит кішкентайиттер емес, американдық акито, немістің шпиц және алабай тұқымды иттер тұр екен.
Еске салсақ, бұл оқиға шілденің 1-інде болды. Жалпақсай ауылында балаларға иттер шабуылдап, 10 жастағы жеткіншекті талап тастаған. Қазір жеткіншек әлі де жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Ал ит иесі Алмаз Халиев таратқан ақпарат пен видеоның қаншалықты рас екенін енді құзырлы органдар анықтамақ.
Жанел Өтеулі
