Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы туған ауылында аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы туған ауылында аталып өтті

16.07.2018

Ұлтымыздың ән өнерін әлемге танытқан ұлы тұлға Әміре Қашаубаевтың 130 жылдық мерейтойы туған жері Шығыс Қазақстан облысының Ақбұлақ ауылында атап өтілді. Ауқымды шара барысында еліміздің әр өңірінен келген дәстүрлі әншілердің республикалық фестивалі, аламан бәйге мен күрес ұйымдастырылды.

Мерейтойлық шара ән падишасының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталды. Қазақтың біртуар тұлғасы Әміренің өнерін дәріптеген дәстүрлі әншілердің республикалық фестивалі де ұйымдастырылды. Онда еліміздің әр өңірінен келген күміс көмей, жезтаңдай әншілері әннен шашу шашты.

Гүлмира Сарина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Әнімізді шалқытып тұрып айтатындай керемет думанды күн болып жатыр. Осындай ескіні, есті әнді еске түсіретіндей ойлы кештер жиі болса екен. Халықтың рухын көтеруіміз керек. Бұл бүкіл қазақтың тойы десе де болады. Жалпы, өнерге, музыкаға табынатын жандардың үлкен мерекесі десе де болады.

1974 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық кино-фото құжаттары мұрағатынан Әміренің жазылған даусын тауып алған белгілі өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім әнші туралы 7 кітап жазған. «Десе де, қайталанбас дара тұлғаның өмірі де, өнері де зерттеуді қажет етеді», - дейді.

Жарқын Шәкәрім, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ол Мұстафа Шоқаймен жолыққан. Бірақ, оны сол кезде қызыл империя іздеп, соңына түскеннен кейін Әмірені соның байланысшысы ретінде қатты қинады. Содан кейінгі жылдары Әміре өте ауыр жағдайда өмір сүрді. Құса боп өлді.

Бұл күні аламан бәйге болып, жеңімпазға темір тұлпар кілті табыс етілді. Тұңғыш рет тойланған мереке аясында күрес ұйымдастырылды. Еліміздің әр облысынан келген 12 спортшы белдесіп, абайлық Мереке Тұрашевке тең келер ешкім болмады.

 

Рысгүл МАДВАСОВА

Хабарламаларға жазылу