Елдегі әскери авиацияның техникалық жағдайына жауапты жалғыз кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. «Қазақстан авиация индустриясы» серіктестігі былтырдан бері дағдарыс жағдайында. Қызметкерлердің 85%-ы мәжбүрлі демалысқа жіберілген. Жалақы да тұрақсыз болғандықтан, 1 жарым жылдың ішінде 164 адам жұмыстан кеткен. Оның 76-сы шетелде оқыған білікті мамандар. Бүгін Мәжіліс депутаттары осы есепшоттары бұғатталып, жабылудың алдында тұрған стратегиялық нысанның ахуалымен танысты. Мекеменің тығырыққа тірелуіне бірнеше фактор әсер еткен. Мемлекеттік тапсырыс жоқ, жаңа келісімшарттар жасалмаған, басшылықтың дұрыс шешімдер қабылдай алмауы да тоқырауға себеп. Зауыттың қазіргі күйін көзбен көрген депутаттар, мәселенің шешілуіне ықпал етуге күш салмақ.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Зауыт дәрменсіз емес, тек бастықтары жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмады. Президент авиацияны дамытуды тапсырды, ал бұл кәсіпорын сол міндетті атқаруға толық қауқарлы. Еліміздің техникалық авиациясын, қорғаныс әлеуетін күшейтуге септігін тигізетін нысанның салғырттықтың кесірінен жабылып қалуы дұрыс емес. Біз бұл мәселені Парламентте көтердік. Енді нақты мерзім ішінде мәселені толық шешуді талап етеміз.
Ернұр Медет
