Депозит әлде құнды қағаз: Қайсысы тиімді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депозит әлде құнды қағаз: Қайсысы тиімді?

26.06.2025

Қазақстандықтар банк депозиттерінде 41 триллион теңге жинаған. Бұл қаңтар айындағы жинақтан 1 триллионға көп. Салымшылардың 77 пайызы ақшасын теңгемен сақтаса, қалғаны шетел валютасын таңдаған. Құнды қағаздарға ақша салып, акция сатып алатындар да жетерлік. Тек Қазақстан қор биржасында 100-ге жуық компанияның акциясы тұрақты түрде саудаланып жатыр. Жалпы құны - 32 трлн теңге. Яғни, ақшаны еселейтін құрал көп.

Жанел Нұрболат, тілші:

Кезінде көпшілік күнкөрістен артылған ақшасына үй сатып алатын. Бүгінде банкте сақтап, көбейтуге көшкен. Депозитте жиналған қаржының 45 пайызы, яғни 18 триллион теңгеден астамы - кәсіпкерлердің ақшасы. Ал қалған 23 триллион жеке тұлғаларға тиесілі.
Тұрғындар көбіне мерзімсіз, мерзімді және жинақ депозиттерін қолданады. Соның ішінде ең тиімдісі жинақ салымы дейді экономистер. Жылдық мөлшерлемесі 20 пайыздан асады. Бірақ ақшаңызды қалаған уақытта шешіп ала алмайсыз. Яғни банк сізден белгілі бір мерзімге дейін қарыз алады. Сол аралықта депозитке тиіспей, келісімшарт аяқталғанша күтсеңіз, жоғары табыс аласыз.

Дәуренбек Мәжитұлы, Экономист, ЕҰУ «Қаржы» кафедрасының профессоры:

Егер ерте алатын болсаңыз, əрине алуға сіздің құқығыңыз бар, бірақ өте үлкен мөлшерде банкке штраф төлейсіз. Бірдіңені сатқаннан түскен ақшаны көптеген адамдар банкке апарып, осыжинақ салымына салады. Неге? Оның мөлшерлемесі басқаларына қарағанда 1.5 есеге үлкен болуы мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, депозит ашатын кезде банк таңдап бас қатырудың қажеті жоқ. Нарықта бәсеке жоғары болғандықтан, мөлшерлеме де бәрінде шамамен бірдей. Қаржыгерлердің айтуынша, айырмашылық 2-3 пайыз аралығында болуы мүмкін. Мәселен, депозитке 1 миллион теңге салдыңыз делік. Мөлшерлеме 17 пайыз болса, бір жылда үстінен 170 мың пайда көресіз. Ал 15 пайыз болса, 150 мың аласыз. Ал бұдан да көп табыс тапқыңыз келсе, ақшаны депозит емес, құнды қағаздарға салу керек.

Думан Ахметжанұлы, қаржыгер:

Банк депозиттері бермейтін пайыздарды, облигациялар береді. Депозитте тәуекел бар. Бүгін банк болып, ертең банк болмай қалса оны қайтару қиын. Әрине, пайызы көп болған сайын оның тәуекелі көбейеді.

Сарапшылардың айтуынша, қазір халықтың көбі ақшаны құнды қағаздарға емес, депозитке салады. Дегенмен, акция мен облигацияға деген қызушылық жыл санап артып келеді. Тек Астана халықаралық қаржы орталығынан құнды қағаз сатып алатындардың саны бір жылда 500 мың адамға көбейген.

Акцияларды қор биржаларының мобильді қосымшаларынан сатып алуға болады. Бірақ бірден көп ақша салмаңыз. Шығынға батпай, көп дегенде 10 мың салып, тәжірибе жинап алған жөн. Ал алаяқтарға жолығып қалмау үшін тек сенімді биржаға жүгіну керек.

Жанел Нұрболат


Хабарламаларға жазылу