Әлем кубогына Өзбекстан боксшылары қатыспайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем кубогына Өзбекстан боксшылары қатыспайды

24.06.2025

Астанада өтетін бокстан әлем кубогына Өзбекстан боксшылары қатыспайды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов айтты. Нақты себебі әзірге белгісіз. Байрақты бәсеке отандық спорт үшін маңызды жарыс. Өйткені еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдамақ. Оған 30-дан астам елден 300-ге жуық былғары қолғап шебері қатысады. Қазір елордада халықаралық деңгейдегі бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр.

АҚШ пен Канада ұзақ жылғы үзілістен кейін Қазақстанға қайта ат басын бұрды. Қазір Ұлттық құрамамен бірге 10-нан аса мемлекеттің спортшылары жаттығып жатыр. Олардың қатарында Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері бар.

Қазақстан барлық салмақта шаршы алаңға бірінші нөмірлі спортшыларын шығарады. Түгелі дерлік талай дүбірлі додада бақ сынап, әбден ысылған. Жарыстың өз жерімізде өтетіні жауапкершілік жүгін ауырлата түседі, - дейді олар.

Абылайхан Жүсіпов, Бокстан Ұлттық құраманың мүшесі:

Әрине өз жеріңде бокстасқан бөлек қой бәрібір. Жаңағыдай жақындарың келеді, достарың келеді, жанкүйерлерің келеді. Ол біз үшін керемет шоу, біз үшін керемет мүмкіндік. Жалпы бокс индивидуальный спорт болса да, негізі алдында бокстасқан жігіттер саған рух беріп тұрады екен. Алдындағы жігіттер ұтып кетіп жатса, сенде де солардан қалыспай ары қарай шабасың.

Бас бапкер Қайрат Сәтжанов ұлттық құрама саңлақтары ел үмітін ақтайды деген сенімде. Бірлескен оқу-жаттығу жиыны да өзара тәжірибе алмасып, қарсыластарға тактикалық тұрғыдан дайындық жасауға мүмкіндік бермек.

Қайрат Сәтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

Енді сол үшін ғана еңбек етеміз ғой. Жалпы есепте 1-ші орын алу үшін. Өйткені он салмақ дәрежесі болса, он салмақ дәрежесінің бәрінде бізде көрсеткіштері өте жоғары боксшылар қатысып жатыр жарысқа. Қарсыластар енді АҚШ-ты алайық, барлық мемлекеттерде 2-3 боксшылардан – 2-3 мықты мықты боксшылар бар. Әлем чемпиондары, Еуропа чемпиондары дейік және Азия чемпиондары бар.

Әлем кубогы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында өтеді. Кіру тегін. Жарыс 30 маусымда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу