Түркістан облысында жаңадан салынған 13 жайлы мектепте соңғы қоңырау соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жаңадан салынған 13 жайлы мектепте соңғы қоңырау соғылды

23.05.2025

Еліміздегі әрбір алтыншы бала дүниеге келетін Түркістан облысында бүгін 34 мыңға тарта оқушы алтын ұя мектебімен қоштасты. Олардың арасында 2 мыңнан аса бала «Алтын белгіге» үміткер ретінде тіркелсе, 2 400 түлек «Үздік аттестаттан» үмітті. Олардың ішінде бір оқушы ҰБТ-дан 140 балл жинаса, тағы бірі әлемнің 86 оқу орнынан шақырту алды. Өңірде жаңадан салынған 13 жайлы мектептің түлектері де жаңа өмірге қадам басты. 

Шардара қаласында жаңадан салынған жайлы мектепті биыл 50 түлек тәмамдайды. Олардың арасында үзік аттестаттқа үміткерлер мен түрлі байқаулар мен олимпиада жеңімпаздары бар. Олар естен кетпес ерекше күнде әсем ән айтып, қоштасу вальсін биледі. Түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды.

Аружан Қайырбекова, мектеп бітіруші түлек:

Бүгін біз үшін өте ерекше күн. Көңіл толқып, жүрек дүрсіл қағатын күн. Осы күні алдымен ұстаздарыма алғыс айтқым келеді. 11 жыл бойы бар білімімен сусындатты. Осы күні өзіме және достарыма армандарының орындалуын тілеймін.

Мыңға жуық бала білім алатын жайлы мектепте бүгін сондай-ақ «Білімім-Отаныма» тақырыбында ашық сабақ өтті. Оқушының білімін жетілдіретін сайыстар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Бұған дейін ыңғайластырылған мектепте білім алған балалар үшін жаңа мектептің жайлылығы қуантады.

Әділхан Әбдімүтәлі, оқушы:

Қазіргі мектепте үлкен екі спортзалымыз бар. Далада футбол алаңы және үйірмелеріміз бар. Баллармен бірге қол күрестіреміз.

Ұстаздар да жайлы мектепте балаға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалғанын айтады. Мектептің пән кабинеттері заманауи оқу құралдармен жабдықталуы оқушының ой өрісін дамытады. 

Роза Жүнісқұлова, №12 мектептің директоры:

Осы мектепке келгелі білім сапасы артып отыр. Сегіз түрлі үйірме жұмыс істейді. Оқушыларымыз республикалық, облыстық деңгейге шығып, өздерінің жұмыстарын көрсетіп жатыр.

Айта кетейік, елімізде саны жағынан ең көп «Жайлы мектептер» Түркістан облысында салынып жатыр. Бүгінде 29 мектептің 13-і пайдалануға берілсе, қалғаны жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу