Таразда жылу желілерінің 70%-ға жуығы тозып тұр. Салдарынан жылыту маусымында ескі құбырлар жиі жарылады. Сондықтан облыс орталығындағы магистральды құбырларды жаңғыртуға 12 млрд 600 млн теңге бөлінді.
Бұл қаржыға үш ауқымды жоба жүзеге аспақ. «М-1» негізгі жылу магистралі 35 жыл бұрын жер астынан жүргізілген болатын. Бірақ 25 жылдан кейін жаңғыртылуы тиіс еді. Сондықтан пайдалану мерзімі 10 жыл бұрын өтіп кеткендіктен шіріген жері көп. Былтыр қазынадан 10 млрд теңге бөлініп, 4 жарым шақырымы жаңғыртылды. Биыл күздің соңына дейін қалған 1 жарым шақырымы жаңаланады. Ал 2 млрд-тан астам қаржыға «М-3» жылу желісінің 1,4 шақырымы ауыстырылады. Жалпы Таразда құбыр ұзындығы - 229 шақырым.
Рауан Байдалиев, «ТаразТрансЭнерго» МКК бөлім басшысы:
Ішкі жылу желілерінің тозуы 65-70 пайызды құрап отыр. Басым бөлігі мынау ықшам аудандарда. Желілердің тозуы жер асты суы жақын болып жатыр ғой. Сондықтан коррозияға әкеліп жатыр. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін 2-3 жылда бізге қаржыландыру қажет. Кезек күттірмейді ол.
Данияр Әлімқұл
