Павлодарда 1 млн 200 мың теңге пара алған шенеунік ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 1 млн 200 мың теңге пара алған шенеунік ұсталды

21.05.2025

Павлодарда кәсіпкерлерден және жүк тасымалдаушы кәсіпорындардан жүйелі түрде пара алып келген облыстық Көлік инспекциясы басшысының орынбасары ұсталды. Осыған байланысты бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде арнайы жиын өтті. «Бармақ басты, көз қысты» әркеттерге тоқтам сала алмаған инспекция басшысы жұмысынан алынды. Енді жаңа басшылық Көлік прокуратурасы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен қосылып, кешенді жұмыс жүргізеді. Себебі еліміздің теміржол, су жолы, көлік жолы логистикасына бақылау жасау автоматтандырылса да, дәл осы салада заң талаптары жиі бұзылады. Әсіресе жазғы уақытта тасымал көлемі ұлғайған кезде жүк көліктеріне жолбасшы болғысы келетін делдалдар көбейеді.

Данияр Кәукенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган көліктік инспекция басшысының орынбасарын 1 млн 200 мың теңге алып жатқан жерінде ұстады. Оның параны делдалдар арқылы жүйелі түрде алып отырғаны белгілі болды. Кәсіпкерлермен алдын-ала ымыраласып, нормадан тыс жүк тиелген көліктердің күре жолмен кедергісіз жүруіне көмектескен. Ашық жиын өткізудің себебі басшының бұл әрекетінен қарапайым инспекторлар, әсіресе жас мамандар сабақ алуы керек. Кәсіпкерлерді қосқанымыз – пара берушінің де жазаланатынын білуі керек.

Болат Аманбай

Хабарламаларға жазылу