Маңғыстауда Амал мерекесі тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда Амал мерекесі тойланды

14.03.2018

Бүгін - Амал мерекесі. Бұл күні бір-бірінің үйіне барып, қол алысып, шұрқыраса көрісу - әр қазаққа міндет. Осы уақытқа дейін Маңғыстау өңірінде тойланып келген мейрам кейінгі жылдары жалпыхалықтық сипат ала бастады.

Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан тауға Алты алаш түгел жиылды. «Жаңа жыл жақсылығымен келсін»,- деп тілек білдірісті. Киелі өлкенің темірқазығындай болған тарихи кешенде 50-ден астам киіз үй тігіліп, оған келген адамның саны бес жүзден асты.  

Таңсәріден көрісуге асыққан жұрт бір-бірін құшақ жая қарсы алды. Бір-біріне деген өкпе-ренішті ұмытып, ізгі тілектерін жаудырды.

Орал Байсеңгір, ақын:

- Бар қазақтың басы қазақтың қарашаңырағына жиналып отыр. Бүгінгі күн тек қана Амал мерекесі емес, рухтың жаңғыруы дер едім. 

Бірлік пен берекенің символына айналған Отпан таудың баурайына ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Қазан көтеріліп, дастархан жайылды. Ақ бауырсақ шашылып, наурыз көже асылды. Сондай-ақ, аламан бәйге ұйымдастырылып, Жамбыл облысынан келген жүйрік ат оқ бойы озық шықты. Бірінші орынға темір тұлпар тігіліпті.

Ғиззат Жүсіпов, ұйымдастырушы:

- Ағайындарымыз қосылып, үлес қосып жатыр. Алыстан қонақтар келіп жатыр. Бәріне рахмет. Наурыз құтты болсын!

Отпандағы Ақсарайда Амал мерекесіне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Дүбірлі тойға Атыраудан Алтайға дейінгі атыраптан келген көппен қоса, шетелден арнайы келген меймандар да бар.

Джон Деннис, шетел азаматы:

- Менің Қазақстанға келгеніме 4 жыл болды. Отпан тауға алғаш келуім. Бүгінгі мерекеден ерекше әсер алып отырмын. Халқыңыз өте зиялы, инабатты, жылы көрінді.

Іргесі берік, шаңырағы шалқақ қазақ ынтымағын тағы танытты. Бүгін міне, 530 метр биіктікте 500 қазақ баласының басы бірігіп, «Бірлік отын» жақты.

Қыстан қысылмай шығып, көктемнің жайма шуақ күнінде ұлық мерекені әспеттеген ел бүгін бір жасап қалды. Жас та, жасамыс та разы. Әз-наурызды қалың қазақ береке- бірлікпен қарсы алуға ниетті.

 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу