1 шілдеден бастап емханаға тіркелу қағидалары өзгереді. Денсаулық сақтау министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, құжатқа отбасылық қызмет көрсету, емхананы еркін таңдау, медициналық қызметтің аумақтық және пациенттің орналасқан жеріне қарамастан профилактика, диагностика және емделу қызметтерінің қолжетімділігі кіреді. Яғни, әр адам емхананы тұрғылықты мекенжайына жақын жерден таңдай алады. Тіркелу ЖСН арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, eGov порталы немесе емханаға тікелей жүгіну арқылы рәсімделеді. Жаңа ұйымға тіркелген кезде бұрынғы орыннан автоматты түрде шығарылады.
Жансая Қалилаева, ҚР ДСМ Профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі:
«Баланың заңды өкілдері» ұғымы енгізілді. Бұл дегеніміз, ата-аналар, асырап алушылар, қамқоршылар, қорғаншылар мен патронат тәрбиешілері қамқорындағы азаматпен бір емханада тіркелуі міндетті. Айта кетейік, қазір қолданыстағы заңнамада мұндай талап жоқ. Сонымен қатар, енді балалар, студенттер мен жүкті әйелдер тіркеуге жасы мен мәртебесіне қарай алынады. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды көздейді.
Динара Жарқынбек
