Израильдің шабуылынан Газада 103 адам мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильдің шабуылынан Газада 103 адам мерт болды

15.05.2025

Бүгін Израиль армиясы Газа секторын бомбалап, 103 адамды мерт қылды. Құрбандардың көбі – Хан-Юнус қаласының тұрғындары. Мұны «ХАМАС» үкіметінің азаматтық қорғаныс агенттігі хабарлады. Қантөгіске байланысты Израиль әзірге түсініктеме берген жоқ. 2023 жылы басталған соғыстан бері Газада 52 900-ден астам палестиналық мерт болды. Ғимараттардың 60 пайызға жуығы қираған. Бүгінгі соққыдан қаза тапқандардың ішінде бір үйдің көптен күткен екі баласы бар.

Сафаа Әл-Байу, 6 баланың анасы:

Менің балаларым да өлді. Қыздардан кейін тоғыз жыл күткен екі ұлымнан айырылып қалдым. Сол үшін Алла тағала оларды жазасыз қалдырмайды деп сенемін. Жаратқан ием, мерт болған перзенттерім үшін Израильден кек алшы.

Миллиондаған адамға ашаршылық қаупі төніп тұр

Гуманитарлық ұйымдардың айтуынша, соғыс кесірінен Газа секторы қазір ашаршылыққа душар болып отыр. Израиль бұл аймаққа тіпті азық-түлік пен дәрі-дәрмек кіргізбей отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, 2 миллионнан астам газалыққа аштық қаупі төніп тұр. Олардың 71 мыңы - 5 жасқа толмаған балалар. Халықаралық көмек агенттіктері бұл блокаданы әскери қылмысқа, аштық саясатына теңеді. Ал Израиль тағылған кінәні жоққа шығарып келеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу