Премьер-Министр: «Орталық – Батыс» дәлізінің құрылысы бір айда басталуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр: «Орталық – Батыс» дәлізінің құрылысы бір айда басталуы тиіс

15.05.2025

«Орталық-Батыс» дәлізінің құрылысын бір айдың ішінде бастау керек. Арқалыққа жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Олжас Бектенов жауаптыларға осындай тапсырма берді. Үкімет басшысы бірнеше стратегиялық нысанды аралап, шағын шаһардың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты.

«Орталық-Батыс» дәлізі 21 учаскеге бөлінеді. Алдымен жол құрылысы Торғай, Арқалық қаласының маңынан басталмақ. Жаңа автомагистраль Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Жол салынып болғанда Астанадан батыс облыстарға қатынайтын бағыт 560 шақырымға қысқарып, 5 сағатқа жылдам жетуге болады.

Сатжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:

Дәліз бойында 17 елді мекенде 70 мыңнан астам халық тұрады. Сонымен қатар ЖСҚ-ға қаржы табылды. 21 учаскеге бөліп жобалаушы компаниялар анықталып, жұмыстар жасап жатыр. Қыркүйектің басына дейін жобалау жұмыстарын бітіреміз деп отырмыз.

Жол құрылысына бір мезгілде 6000 адам мен 4000 мыңнан астам техника жұмылдырылады. 3,5 жылда жұмыс толық аяқталуы тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Бұл енді Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша іске асып жатқан жоба, өте маңызды жол, бүкіл еліміз үшін және осы Торғай өңірі үшін өте маңызды. Сондықтан тездетіп, сапалы бәрін ұйымдастырып жасау керек.

Сондай-ақ Арқалық қаласының маңында «Жезқазған-Петропавл» бағыты бойынша жол жөнделіп жатыр. Жалпы ұзындығы 954 шақырымның 125-і Қостанай облысы аумағынан өтеді. Алайда, сапасыз жол жұртты әбден діңкелеткен. Биыл 71 шақырымы жөнделсе, тәулігіне 2,5 мың көлік қатынайтын болады.

Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:

Бұл жолдың маңыздылығы үлкен. Өйткені Шымкент, Қызылордадан келетін бүкіл жүк көліктері Арқалық қаласы арқылы өтеді. Үлкен, күрделі жолдардың жанында сол жолдарға қызмет көрсететін жанармай бекеттері, дәмхана сынды басқа да бизнес көбейеді. Қазір де жер алып, бастап жатқандар бар.

Бұл бағыт өңірді Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарымен байланыстырған өңіраралық көлік дәлізі. Ауқымды жобаның құны 90 млрд теңге. Жоспараға сәйкес құрылыс 2026 жылы аяқталуы тиіс.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Кезінде Торғай өңірінің әуе қақпасы саналған Арқалық әуежайының қазіргі күйі осындай. Нысан 1992 жылы жұмысын тоқтатып, бүгінде қирап, қазір тек қаңқасы қалған. Енді ескі ғимаратты сүріп, орнына жаңасын салмақ. Ал ірі әуе кемелерін қабылдаған ұзындығы 2,5 мың метр болатын ұшу-қону жолағы да қалпына келтіріледі.

Қазір жоба дайындалып жатыр. Жалпы құны шамамен 9,6 млрд теңге. Үкімет басшысы бұл жұмыстарды биыл аяқтауды тапсырды.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу