Алматыда мерекеге орай «Әйелдің жүрегі-әлемнің тірегі» атты шара ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда мерекеге орай «Әйелдің жүрегі-әлемнің тірегі» атты шара ұйымдастырылды

07.03.2018

Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Бұл сөз бекер айтылмаған. Халқымыздың тарихында отбасына ұйытқы болуымен қатар, еліміздің дамуына үлес қосқан нәзік жандар жетерлік. Біз бүгін Тәуелсіздік жылдары ерлермен иықтасып жүріп, еселі еңбек еткен Шәмша Көпбайқызы туралы айтпақпыз. Өйткені, ол қарапайым ұстаздан министр деңгейіне дейін көтерілген жан.  

1966 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген Шәмша Көпбайқызы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Халықтың қалауымен Парламент Сенатының депутатына дейін көтерілді. 2002-2003 жылдар аралығында Білім және ғылым министрі болды. 2003 жылы Қазақ қыздар педагогикалық университетінің ректоры болып, университеттің дамуына үлкен үлес қосты. Шәмша Көпбайқызы бүгінде еңбек ардагері, зейнет жасына жетсе де қоғамдағы жағдайды назарда ұстап, оған өзінің көзқарасын білдіріп отырады.

Шәмша Беркімбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Әйелдің өзі өмірді жалғастырады, өмірге жаңа ұрпақ әкеледі. Сондықтан, көктемде әйелдердің мерекесін мерекелеу өте дұрыс, табиғатымызға жарасымды болып тұр.

Көрікті көктеммен бірге келген мерекеге орай мегаполисте «Әйелдің жүрегі-әлемнің тірегі» атты шара ұйымдастырылды. Онда Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы мен қазақстандық  эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі кеш ұсынды.

Ал, шара барысында халқымыздың санын көбейтуге үлес қосқан көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды. Сондықтан, бұл аналарды ардақтап, қыздарды құрметтейтін дәстүрге айналып келеді.    

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                                    

Хабарламаларға жазылу