АҚШ президенті Дональд Трамп Қатар королі әулетінен люкс санатындағы «Боинг» ұшағын сыйлық ретінде қабылдамақ. «ABC» телеарнасының хабарлауынша, ұшақ қайта жабдықталып, мемлекет басшысының ресми сапарларына пайдаланылатын негізгі әуе көлігіне айналады. Құны — 400 миллион доллар. Бұл АҚШ үкіметі алған ең қымбат сыйлық болуы мүмкін. Трамп қызметінен кеткен соң, ұшақ президенттік кітапханаға тапсырылады. Демократтар бұл әрекетті парақорлық және шетел ықпалының көрінісі деп сынға алды. Ақ үй болса, шетелден келген сыйлықтар заңға сай рәсімделетінін мәлімдеді.
