Бельгияда да сұрапыл соғыста қаза тапқан қазақ сарбаздарының қабірі қалған. Осыдан бірер жыл бұрын қазақстандық дипломаттар солардың алтауының кім екенін тапқан болатын. Әлі де есімдері анықталмағандар бар. Бүгін еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі мен ТМД елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері Кеңес жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Бельгияны фашистерден азат ету жолында шейіт болған Кеңес сарбаздарының құрметіне ел үкіметі мына ескерткішті 1999 жылы орнатқан. Қазақстан елшілігі мен ТМД елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері бүгін ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлардың рухына тағзым етті.
Алмас Нұрғалиев, НАТО штаб-пәтеріндегі ҚР Қорғаныс министрлігі әскери өкілінің орынбасары:
Әлемде соғыс қайталанбасын деп тілейміз. Біз, әскери дипломаттар, осындай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін бар күш-жігерімізді салып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек етудеміз.
Қазақстандық сарбаздарды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері Генктегі бауырластар зиратына жерленген екі қазақты тапты. Қызылордалық Нұрадин Бисеновтің қабіріне бірер жыл бұрын туыстары туған жердің бір уыс топырағын салды. Ал Семейлік Уәлиев Тоғайбай Уәлиұлының жақындарынан әзірге еш хабар жоқ.
Нұрсұлу Қасым,тілші:
Лимбург провинцясындағы «Ланклар» бауырластар зиратына да біздің екі Отандасымыз жерленіпті. Олардың есімдері мына ескерткіш тақтаға жазылған. Скринников Дмитрий Васильевич, Наливайко Николай Васильевич. Екеуі де Алматы облысының тумасы. Қос сарбаз 1942 жылдың қысында тұтқынға түсіп, бір жылдан соң «Шталаг» концлагерінде ажал құшқан.
Курсель, Флерус қалаларындағы қорымдарда Ляховский Василий Тарасович, Янков Дмитрий Павлович есімді тағы да екі жерлесіміз жатыр. Бірі - Оңтүстік Қазақстан облысы, Егорьевка ауылының тумасы болса, ал екіншісі - Шығыс Қазақстаннан. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі осы азаматтардың туыстарына іздеу жариялайды. Қыршыннан қиылған боздақтардың есімін, жатқан жерін анықтау жұмыстарын дипломаттар әрі қарай да жалғастыра бермек.
Нұрсұлу Қасым
