Елімізде жыл санап сүт безі обыры «жасарып» барады. Онкологтар қазірдің өзінде 20 жастағы бойжеткендерде қатерлі ісік анықталып жатқанын айтады.
Пандемиядан кейін сүт безі обырына шалдыққандар күрт көбейген. Ең қорқыныштысы - ауру «жасарып» барады, дейді онкологтар.
Гүлмира Үдербаева, онколог дәрігер:
Қазір 20-21 жастағы бойжеткендерден де қатерлі ісік анықталып жатыр. Өзім қабылдаған пациент осы жас шамасында болды. Әлі бала сүймеген қыздар сақ болуы тиіс. Қазір тіпті салауатты өмір салтын ұстанатын кей қыз-келіншектер де дертке ұшырайтын болған.
Ал 58 жастағы қостанайлық тұрғынға былтыр сүт безі обырының 4-сатысы диагнозы қойылған. 12 курс химиотерапия алып, омырауына ота жасалды. Алайда емдеу барысында әйел есту қабілетін жоғалтып, жүре алмай қалған.
Науқас, Қостанай қаласының тұрғыны:
Бір омырауымды алып тастады. Ота сәтті өтті. Бірақ химиотерапиядан кейін жағдайым нашарлай бастады. Астанаға келіп, емделіп жатырмын. Жақын арада ремиссияға жібереді деген үміт бар. Жағдайым қазір жаман емес.
Сандарды сөйлетсек, ел бойынша сүт безі обыры жыл сайын 2,7%-ға артып отыр. 2023 жылы - 5504 пациент тіркеліп, 88 адам көз жұмған. Былтыр дерт 5654 әйелде анықталып, 55 науқас қайтыс болды. Биыл алғашқы 3 айда 1217 жағдай тіркелді. Дерттің дер кезінде анықталуына қыз-келіншектердің скринингтен жүйелі түрде өтуі себеп, дейді мамандар.
Әсем Тоғызбаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты орталығының маммологі:
Скрининг бізде не үшін 40 жастан, себебі ол скринингте маммография түсіріледі. Ал маммографияда жас қыздарға қарсы көрсеткіштер бар. Ол кісілердің омырау безі өте қатты болады. Оларға тек қана УЗИ жасау керек. Ультра дыбыстық зерттеу керек. Бұл ауру тек қана 40 жастан жоғары емес, алайда 25 жастан жоғары қыз-келіншектердің арасында кездесіп тұр.
10 жылдан бері елімізде 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерге тегін скрининг жүргізіліп келеді. Әр азамат жұмыстан 3 күндік, ақысы сақталатын демалыс алып, тексерістен өтуге құқылы. Ол үшін емханадан арнайы жолдама алып, қызмет орнына тапсыруы міндетті.
Динара Жарқынбек
