Үкімет әкімдіктерде балалардың құқықтарын қорғау бойынша басқармалар құруды қолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет әкімдіктерде балалардың құқықтарын қорғау бойынша басқармалар құруды қолдады

04.05.2025

Облыстарда балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, ал аудандарда бөлімдері құрылмақ. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Елімізде нақ балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын орындаушы жоқ, салдарынан құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол бермеу және әрекет ету бойынша жан-жақты, сапалы жұмыс жүргізілмейді деп отыр, уәкіл. Сонымен бірге балалардың құқықтарын қорғау жүйесіне қатысты заң жобасы дайындалып жатыр екен.

«...Үкімет әкімдіктерде балалардың құқықтарын қорғау бойынша басқармаларды құру ұсынысымызды қолдады. Жаңа басқармалар білім басқармалардан бөліп шығару арқылы құрылады. Сондықтан республикалық бюджеттен қаражат қажет етпейді.

 Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының маңызы өте зор. Себебі халқымыздың үштен бір бөлігі – балалар».

Мұндай басқармаларды құрудың дұрыстығына күмән жоқ. Осы аптада әлеуметтік желілерде Алматы облысы Іле ауданы Қарасай ауылындағы №49 мектептің оқушысы әжетханада өз қатарластарын тізіп қойып ұрып-соғып, балағаттаған бейнежазба тарады. Көрсең жаның түршігеді. Баланың төбелесті жақсы меңгергені байқалады және сондай қатыгез сияқты көрінді... Оқиға былтыр оқу жылының басында – қыркүйекте болған.

Тағы сол Д.Зәкиеваның хабарлауынша, жан-жақты зерттеу мақсатында арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалған. «Мектептегі ықтимал жүйелік кемшіліктерді анықтау үшін мониторинг басталды», - деді Зәкиева.

Ең жаманы – бұл жазба тарамаса, дабыл қағылмайтыны. Динара Зәкиева сәуір айында Алматы облысы аудандарының кей мектебінде анонимді сауалнама жүргізгендерін хабарлап, соның нәтижесін де Facebook-тегі парағында баяндады.

«Нәтижесінен шошыдық. Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының балалары бопсалау, тамақ тартып алу, буллинг, зорлық туралы, оның ішінде мұғалімдер тарапынан да, сонымен бірге дене шынықтыру және алгебра пәндерінен сабақ беретін мұғалімдердің тиіскенін жазды. Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің зорлық-зомбылық көрсеткенінен кейін ауруханаға түскен. Жамбыл ауданындағы бір мектепте төменгі сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларын көрген бойда қолын қалтаға салады. Ақша беру үшін. Әйтпесе таяқ жейді екен...»

Кибербуллингке ұшыраған балалар анонимді Instagram аккаунтқа жазса да ешқандай көмек алмаған. Өткен күзде жаппай төбелес туралы ақпаратқа да міз бақпаған.

«Мектептердің басшылығы мен қызметкерлері оқушылар арасындағы құқықбұзушылық фактілерін жасырып жабады. Балалармен профилактикалық және жеке-дара жұмыс істелмейді. Мектеп басшылығы балалар арасында не болып жатқанынан бейхабар немесе мән бермейді немесе жасырады әрі полицияға хабарламайды. Бопсалау, мазақ қылу және басқа да заңға қайшы әрекеттер туралы мектептің өзі толтыртқан анкетада оқушылар «иә, бар» деп жазса да, қорытынды анықтамада мектеп басшылығы 0% деп көрсетеді» деп жазды балалар құқы жөніндегі уәкіл.

Сөз түйіні – бала тәрбиесі бірінші орынға шығуы керек. Өткенде «Жасөспірім» сериалын талдағанымызда, бұл мәселенің әлемде өте өзекті екенін айттық. Сол сериалдың ең соңғы кадрында шарасыз әке булығып жылайды. Сондай күйге ешкімнің түскісі келмейтіні анық.


Хабарламаларға жазылу