YouTube алғашқы видеосының 20 жылдығын тойлап жатса, 8 күннен кейін Skype желісі жұмысын тоқтатады. Ал Жапонияда өтіп жатқан EXPO көрмесінде робот арыстанның үлгісі қойылды. Әлемдегі техножаңалықтар туралы әріптесім Темірлан Нұржанұлы айтады.
YouTubе платформасына жүктелген алғашқы видеоға 20 жыл толды. «Мен хайуанаттар бағындамын» атты бейнежазбаны 2005 жылы платформаның негізін қалағандардың бірі – Жавед Карим өз арнасына жариялаған.
Сан-Диего қаласында түсірілген 19 секундтық видеода Карим хайуанаттар бағындағы пілдердің тұмсығы туралы әңгімелейді. Күні бүгінге дейін бұл видео 358 млн қаралым мен 17 млн лайк жинап үлгерген. 2006 жылы You Tube-ты Google компаниясы 1,6 млрд долларға сатып алған еді. Қазір бұл ең танымал сайттардың бірі. Оны ай сайын 2,7 млрд интернет қолданушы пайдаланады. Ал платформаға жүктелген видеолардың жалпы саны – 15 млрдқа жуықтаған.
5 мамырда Skype желісі жұмысын тоқтатады
Ал 8 күннен кейін Skype желісі жұмысын тоқтатады. 2003 жылы құрылған компания аудио және бейнеқоңырау қызметін ұсынып, танылған еді. Қолданушылар саны 150 млн-ға жеткен. Ал 2011 жылы оны Microsoft компаниясы сатып алады. Алайда 5 жыл бұрын пайдаланушылар саны 22 млнға дейін азаяды. Мұны сарапшылар көбіне нарықтағы бәсекелестіктің артуымен байланыстырады. Биыл Microsoft өзінің ішкі өнімі Teams қызметіне көбірек көңіл бөлу үшін Skype-ты жабатынын хабарлады. Бұл компанияның байланыс ұсыныстарын едәуір қарапайым етіп, тиімді етуге бағытталып отыр.
Робот арыстан көліктерді алмастыра ма?
Орман патшасы арыстанға мініп, шауып жүргеніңізді елестетіп көргенсіз бе?
2050 жылы бұл қиял әбден шындыққа айналуы мүмкін. Жапонияда өтіп жатқан EXPO 2025 көрмесінде Kawasaki Robotics компаниясы әзірлеп жатқан робот арыстан көпшіліктің назарын аударды. Жоба өкілдерінің айтуынша, төрт аяқты құрылғы көліктер жете алмайтын қиын жерлерге оңай жетуге мүмкіндік береді. Әсіресе, таулы аймақтарды зерттеуге қолайлы. Себебі робот әртүрлі жер бедеріне бейімделе береді.
Юсуке Амататсу, Kawasaki Heavy Industries компаниясының EXPO 2025 жарнама менеджері:
Бұл робот мотоцикл қозғалтқышы негізінде жұмыс істейін генератормен жабдықталған. Басқару жүйесі де соған ұқсас. Жүргізуші бағытты дене салмағын бұрып өзгертеді. Біз жоба концепциясын екі жыл бұрын жасай бастадық. Көрмеде түрғаны үлгі ғана. Бүгінде сегіз технологиялық патентіміз бар.
Алдағы уақытта компания өкілдері бұл жобаны одан әрі дамыту үшін барлық пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, зерттеу мен жобалау жұмыстарын жалғастырмақ.
Темірлан Нұржанұлы
