Бүгін ұлт басылымдарының атасы «Қазақ» газетінің шыққанына - 105 жыл. Бұл - Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың бастамасымен жарық көрген демократиялық бағыттағы алғашқы басылым. Кешегі қилы кезеңде ақиқат пен әділдіктің төрешісі болған газет бүгінгі тәуелсіздік заманында да ұлт руханиятына қызмет етіп келеді.
«Қазақ» газеті - өткен ғасырдың басында халқымыздың көзі, құлағы һәм тілі болған басылым. 1913-1918 жылдар аралығында 265 саны жарық көріп, халықтың санасына сәуле құйды. Бірақ, саяси себептермен 5 жылдан кейін газет жабылды. Дегенмен, ұлттың сөзін сөйлеген басылымның ғұмыры үзілген жоқ. 88 жылдан кейін 2006 жылы жазушы Қоғабай Сәрсекеев «Қазақты» қазақпен қайта қауыштырды. Газетті жаңа заманға сай лайықтап, оқырманға ұсынды.
Махмұт Нәлібаев, «Qazaq» газетінің редакция және ақылдастар алқасының төрағасы:
- «Қазақ» газетін барлық жерге тегін таратып отырмыз.
Жаңа заманда қайта түлеген «Қазақ» газеті қазір де Алаш арыстары ұстанған ағартушылық бағытпен жүріп келеді. Былтыр Махмұт Нәлібаевтың бастамасымен басылымынң үшінші тынысы ашылғандай болды. Өйткені, бүгінгідей газет атаулының таралымы тарылған заманның өзінде «Қазақ» аптасына 1 рет 21 мыңнан тиражбен шығуда. Аймақтар мен жер-жерде тұрақты оқырмандары пайда болған.
Жасұлан Мәуленұлы, «Qazaq» газетінің бас редакторы:
- «Қазақ» газеті - сонау сұрапыл заманда қазақтың сөзін сөйлеген басылым. Сондықтан біз, о заманмен бұл заманды жалғастырып, аға буын мен орта буынның және өскелең ұрпақтың, кейінгі буынның ортасында алтын көпір болуды мақсат етеміз.
Қай кезеңде де халқымыздың жүгін арқалаған «Қазақ» газеті 2011 жылы республикалық басылымдар арасында «Ең үздік газет» атанды. Ал, 2010 жылы басылым ұжымын Елбасы арнайы құттықтап, өз қолымен жазылған хат жолдады. Ал, редакция ұжымы басылымның 105 жылдығына орай сәуір айында республикалық жиын өткізіп, Орынбордағы «Қазақ» газетінің алғашқы редакциясы болған ғимаратқа белгі тақта орнатуды жоспарлап отыр.
Амангелді СЕЙІТХАН