Осы аптада Астанада тағы бір баланы жүк көлігі қағып, мерт қылды. 6 жасар бүлдіршін өз үйінің ауласында велосипед теуіп жүрген.
38 жастағы жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол уақытша қамау изоляторында. Ал сол маңайдағы көп қабатты үйлердің тұрғындары оқиға болған дерге жиылып, жол қауіпсіздігіне шағынды.
Адамдар айналаға жаяу жүргінші жолын белгілеп, веложолақ төсеуді бұрыннан талап етіп жүргендерін айтты. Ал қалтарыс-бұлтарыстағы ішкі көшелермен көлік жүрмеуі үшін шлагбаумдармен шектеу керек дейді.
Екі апта бұрын Алматыда 7 жастағы қызды жүк көлігі жаншып кеткенде арнайы материал бергенбіз. Сонда үлкен габаритті көлік жүргізушісі жан-жағындағы жағдайды айнадан болса да, түгел бақылай алмайтынын көрсеттік. Яғни жүк көлігінің алдында, артында, екі бүйірінде «соқыр аймақ» болады.
Әрине, балаға жол ережесін түсіндіру, үйрету деген бір мәселе. Одан бөлек жүк көлігінің иелері де сақтанудың амалын жасауы керек. Мәселен, мамандар, габаритті машинаға қосымша панорамалық айналар мен камералар орнатуға болады дейді. Болады емес, ондайды тіпті міндеттеу керек сияқты.
