Жасанды интеллект дамыған сайын интернет алаяқтар көбейеді. Сондықтан халықтың цифрлық сауатын көтеру керек. Ал жыл басынан бері алданғандар алаяқтарға 7 млрд теңгеден астам ақшасын санап берген. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр зерттеп көрген еді.
Петропавл тұрғыны бірер күн бұрын телефонына хабарласқан алаяқтарға алданған. Банкоматта қомақты қаржы аударып тұрғанын байқағандар қарияны тоқтата алмай, полиция шақырған. Алайда құзырлы орган өкілдері жеткенше 70-тен асқан азамат 1,5 млн теңгесін алаяқтарға жіберіп үлгерген.
Ішкі істер министрлігінің статистикасына сенсек, өткен үш айда 5500 адам интернет алаяқтарына алданған. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 10 пайызға көп. Алаяқтарға кеткен ақша 7 млрд теңгеден асады.
Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма бастығы:
Жыл басынан бері 1,5 мыңға жуық интернет алаяқтығы ашылды. Оған қатысты 470 адам жауапкершілікке тартылды. Осы жыл басында Арменияның тергеу комитетімен бірлесіп, Армениядағы қазақстандықтарды алдап келген 2 колл-центрді құрықтадық. Сонымен қатар Астанада біреу, Алматыда 2 колл-центрді анықтадық. Былтыр Украинада қазақтандықтарды алдап келген 5 колл-центрді жойдық.
Сарапшы Қозыке Сатыбалдиевтың айтуынша, халықтың цифрлық сауаттылығы төмен. Бұл - алаяқтармен күресудегі басты проблема.
Қозыке Сатыбалдиев, киберқауіпсіздік маманы:
Соңғы уақытта жасанды интеллектінің қатты дамып кеткенін білесіздер, сол жасанды интеллект арқылы хакерлер өзінің жұмысын жеңілдетіп және де көп шабуыл жасау жолдарын ойлап тауып жатыр. Сол себепті одан әрі де шабуылдар жасанды интелектінің дамуымен көбейе түсуі әбден мүмкін. Түсіндіру жұмыстары белгілі бір деңгейде жүріп жатыр, оны жоқ деп айтуға келмейді. Бірақ дегенмен мұның қазіргі таңда аз болып жатқаны бізге көрініп тұр. Өйткені алаяқтарға алданып қалып жатқан адам көп.
Интернет алаяқтардан қорғанудың жалғыз жолы – жеке дерекке сақ болу, белгісіз Wi-Fi-ды қолданбау.
Сондай-ақ eGov порталы ашық болғандықтан, 1414 нөмірінен келген СМС-терден де сақ болу керек. Цифрлық даму министрлігі өкілдері ақпараттық жүйелер қауіпсіз әрі жақсы қорғалғанын айтады. Айта кетейік, интернет алаяқтық дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Асылбек Данияр
