Оралда жеке кітапханасында 10 мыңнан астам кітап жинаған ардагер журналист тұрады. Ал кітапқұмар жастар сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, кітап дүкенін ашқан. Әріптесім Ардақ Мұратқызы Ұлттық кітап күнінде балалардың да қандай әдебиет оқып жүргенін біліп қайтты.
80-нен асқан қария кітап жинауды бала кезден бастаған. Үш бөлмелі пәтердің алты қабырғасын кітап алып тұр. Қазынаның бір бөлігі балконда, қалғаны жер үйде сақталған. Ардагер журналист қазір ғылыми-танымдық, эзотериялық әдебиеттерді көп оқиды. Адамның болмысын, жаратылыс сырын білуге құштар.
Тихон Әліпқали, ардагер журналист:
Студент кезімде жиналған кітаптарым жоғалған жоқ. Үш төмпешке кітабым болды өзі. Жұмысқа орналасқаннан кейін бәрін өз бетіммен жинадым. Абайдың сөзі бар ғой: «Артық білім - кітапта» деген. Ең негізгі, түпкі, терең білім кітапта.
Сол тәмсілді санасына түйген Нұрасыл Ізбасаров досымен бірге кітап дүкенін ашқан. Ермегі әрі қосымша табыс көзі. Кітаптарды Астана, Алматы қалаларындағы баспалардан, авторлардың өздерінен алдыртады. Сұраныс жоғары. Кітапқұмарлар көбіне онлайн тапсырыс береді.
Нұрасыл Ізбасаров, жас кәсіпкер:
Өзімнің сүйікті кітабым Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабы. Ол кітап маған ерекше әсер етті, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Бизнес кітаптар, психологиялық кітаптар көп өтеді. Әдеби кітаптарды да жақсы алады. Балалар әдебиеті көп болды. Көп алғандықтан бәрі өтіп кетті. Бұйырса, ассортиментті көбейтеміз.
Қаладағы №10 мектеп оқушылары тұрақты түрде кітап оқуды әдетке айналдырған. Олардың бір сәт смартфоннан алыстап, кітаппен дос болуына ата-аналары мен мұғалімдері әсер еткен.
Жасмин Максимқызы, 4-сынып оқушысы:
Қолымдағы кітап «Ағайынды Гримм ертегілері». Ол балаларды қамқорлыққа, мейірімділікке, тапқырлыққа үйретеді. Бірінші сыныптан бастап осы кітапханаға келіп жүрмін.
Қазір электронды, аудиокітаптар шығып жатса да баспадан шыққан кітапты оқудың ләззаты бөлек дейді кейіпкерлеріміз. Қалай десек те кітап адамның ең жақын серігі болып қала бермек.
Ардақ Мұратқызы
