Түркістан облысында жайылым жерлер тарылып, есесіне жылыжай кешендері көбейіп барады. Кәсіпкерлер жер қат болғандықтан, төбелерді тегістеп, қыраттарға дейін кетпен салған. Оның үстіне қыс бойы көк түтінге тұншықтық, дейді Қазығұрт ауданының тұрғындары.
Мынау жылыжайлар, ауылды түгел түтін басқан. Әсіресе күн суық кезінде. Мына ауыл түгел тұманның астында қалады. Тұрбат ауылының тұрғындары таудың етегінде тұрғанымен, таза ауаға зар. 111 гектар жердегі жылыжайлар от жағуды әлі күнге тоқтатпаған.
Құралбай Қаршыбаев, Тұрбат ауылының тұрғыны:
Қазанның 15-нен бастап, сәуірдің 15-не дейін тұншығып жүре алмай қалдық. Есіктерді тұмшалап отырамыз бәріміз. Балаларымыз кешке жел тұрғанда далаға шыға алмайды. Көмірқышқыл газымен уланып біттік.
12 мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенде өзен бойы қоқысқа толған. Одан қалды ауылдағы жайылым жерлер мен баулар да жылыжайға айналып, жұрт мал бағудан қалдық дейді.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Елдімекеннің іргесіндегі жайылым мен қырат жерлер қазір жылыжай аумағына айналып барады. Мәселен, мына аумақты өз меншігіне алған шаруа қожалығы жердің қыртысын бұзып, сүргізіп жатыр. Техника тегістеп шыққан соң, жылыжай салмақ. Жергілікті халық кәсіпкердің бұл әрекетіне ешкім тосқауыл бола алмады деп налиды.
Арнайы техника тізгіндегендер түсірілім кезінде жұмысын тоқтатып қойғанымен, кейін қайта жалғастырды.
Ералхан Тұңғышбаев, Тұрбат ауылының тұрғыны:
Мынау төбе еді, мұны да тегістеп тастаған. Мал жаятын едік бұл жерге. Мал кірсе болды, аяғын сындырып тастап жатыр. Қайтып өмір сүреміз біз. Жерді сатып жатыр, сатып жатыр. Міне, бізге істеп берсін мынаны немесе ауылды көшірсін.
Ауыл әкімдігінің өкілдері жылыжай иелеріне қоршаған ортаны ластамау туралы бірнеше рет ескерту бергенмен, шаруалар құлақ аспаған. Енді жайылым жерлерді бүлдіру және жер қыртысын заңсыз қопару дерегі бойынша облысқа арызданбақ.
Сәбит Әлсейітов, Қазығұрт аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Жер заңына байланысты енді жерді бұлдіруге де болмайды негізі да. Ал енді шынын айту керек, жылыжай салу үшін жер тегіс болмаса тағы болмайды. Ол жағы да бар. Екі жағы да бар. Бір шетінен ауданға инвестиция да керек. Жылыжай да керек. Оның бәрін білесіздер, ауданға көрсеткіш керек.
Яғни, аудан тарапынан шаруа қожалықтарына тиесілі жайылым жерлердің мақсаты өзгертіліп, жылыжай салуға рұқсат берілген. Енді Тұрбатта жылыжай көлемі бұдан да артады деген сөз. Бірақ жергілікті билік жылыжайларды көгілдір отынмен қамтимыз деп сендірді.
Айнұр Әбілқасымқызы
