Президент бітімгер сарбаздарды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бітімгер сарбаздарды марапаттады

14.04.2025

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясынан сәтті оралған әскери қызметшілермен кездесті. Президент халықаралық қауіпсіздікке үлес қосқан сарбаздар мен офицерлердің ерлігі мен жанқиярлығын атап өтіп, бірқатарын мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кіріскенін айтты. Әскери даярлықты одан әрі жетілдіру, жинақталған тәжірибені басқа бөлімшелерге тарату қажет деді. Сондай-ақ армияның жауынгерлік қабілеті – ел қауіпсіздігінің басты кепілі екенін ерекше атап өтті. Жоғарғы Бас қолбасшының айтуынша, қазір 158 қазақстандық әскери Африка мен Таяу Шығыстағы миссияларда қызмет етіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізге мұндай миссиялар елдің абырой-беделін көтеру үшін ғана емес, бұл ең алдымен сарбаздарымыз жаңа дағдыларды игеріп, тәжірибе жинауы үшін керек. Сондықтан көптеген ел бітімгершілік күштерге қосылуға ұмтылады. Бірақ бәріне бірдей сенім артыла бермейді. Ал Қазақстанға осындай мүмкіндік беріліп отыр. Біз толыққанды бітімгершілік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу