Президент «Барыс» хоккей клубына қатысты мәселеге назар аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Барыс» хоккей клубына қатысты мәселеге назар аударды

11.04.2025

Президент «Барыс» хоккей клубының балалар мен жасөспірімдер командасы ойыншылары ата-аналарының шағымына назар аударды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды. Ата-аналар хатта қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты еліміздегі балалар хоккейінің келешегіне алаңдаушылықтарын жеткізген. Аталған мәселеге клубтың қазіргі басшылығы көз жұма қараған көрінеді. Сондықтан Мемлекет басшысының осы іске араласуын сұраған.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бұл мәселеге қатысты жауапты органдарға тапсырма берді. Нәтижесінде «Барыс» хоккей клубының тәрбиеленушілерін Ресейдің осы маусымдағы чемпионатына қатыстыру жұмыстары қолға алынды. Клубтың отандық және шетелдік ойыншылар, жаттықтырушылар, басқа да ұйымдар алдындағы қаржылық міндеттемелері бюджет шығындарын оңтайландыру арқылы шешімін тапты. Қазіргі таңда қаржылық жағдайдың нашарлауына кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылданды.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу