Ғылым күні қарсаңында еліміздің елеулі жетістіктерге жеткен бір топ ғалымы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев олармен арнайы кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мамандарға жүктелген міндеттерді белгіледі.
Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым бар. Олардың тең жартысы 40 жасқа толмаған жастар. Бұл елімізде ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылымға аса мән берілмеді. Салдарынан көптеген білікті маман басқа салаға ауысып, ғалымдардың саны 3 есе азайып кеткен. Қазір саланы қайта реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң осы үрдістерге тың серпін берді. Құжатта ғылымды басқару тәсілдері нақтыланды. Ғалымдарды әлеуметтік қолдау шаралары айқындалды. Бір сөзбен айтсақ, заңда ғылым жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың мүддесі барынша ескерілді.
Ғылым – стратегиялық маңызы бар сала. Соңғы жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы 3,5 есе артты, жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Ірі өндіріс орындары өз табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып келеді.
Георгий Демченко, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Генетика және физиология институты» РМК зертханасының меңгерушісі:
Соңғы 5 жылда ғылымға бөлінетін қаржының көбейгені айқын сезіледі. Бұған дейін грант алу конкурсы 3 жылда бір өткізілсе, қазір жыл сайын өтеді. Бұл - жастарға да ересек ғалымдарға да үлкен мүмкіндік.
Қолдауы бар саланың сұрауы да бар. Президент ғылымның алдында тұрған маңызды міндеттерге назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл салада Қазақстанның әлеуеті зор. Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық сияқты алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлап келеді. Атом энергиясын өндіру – тұрақты энергия көзі ғана емес, экономика мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытудың негізгі кілті.
Қазір – технологияның, технократтардың дәуірі. Мемлекет басшысы еліміз жасанды интелектіні дамыту тұрғысында ерекше мүмкіндіктерге ие екенін айтты. Әсіресе ғылыми зерттеулер мен жаңалықтардың бастауында университеттер тұруы керек, деді ол. Ал ғылымы дамыған ел кез келген сын-қатерге төтеп бере алатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетістігіміз бар. Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 млрд теңгеден асты. Қазынаға 10 млрд теңгеден астам салық түсті.
Жиын соңында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Алмагүл Кәкімжанова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС зертханасының меңгерушісі:
Өзімнің жұмысымды сондай керемет жақсы көремін. Ғашықпын. Бүгін соның нәтижесін көріп, осындай құрмет алып отырмын.
Бауыржан Базарбай, оқытушы, PhD доктор:
Ғылым жолын таңдаған жастар үшін мұндай мүмкіндік әлемнің көп елінде жоқ. Біздің мемлекетіміз осындай жақсы жолды қолдап, жастарға мотивация беріп, ғылымды дамытуға үлкен үлес қосып отыр.
Сондай-ақ Президент бір топ жас ғалымға баспана кілтін табыстады.
Оңғар Алпысбайұлы
