АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы күшейіп барады. Дональд Трамп әлеуметтік желідедегі парақшасында қытайлық тауарларға тарифті тағы 50 пайызға көтеретінін ескертті. Ақ үй басшысы мұндай қадамға Қытай америкалық өнімдерге баж салығын 34 пайызға өсіру туралы шешімінен бас тартпаса, бармақ. Әйтпегенде, АҚШ-қа баратын қытайлық тауарларға тариф 104 пайызға дейін жоғарыламақ. Себебі Вашингтон наурызда қытайлық импортқа салықты 20, ал өткен айда 34 пайызға өсірді. Трамптың бұл саясатын ресми Бейжің «экономикалық қорқытуға» теңеп, Америкамен сауда тайталасында соңына дейін күресетінін хабарлады.
Линь Цзянь, Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Қытай үкіметі АҚШ тарапынан тарифтерге қатысты байқалып отырған асыра сілтеушілікке қатысты өзінің салтанатты позициясын анық білдіргісі келеді. Қытай басшылығы мұндай әрекеттерді қатаң айыптап, онымен күресуге дайын. Құрама Штаттардың бұл ісін өзгелерге зиянды әрі кері әсері бар қарапайым ғана біржақтылыққа, протекционизмге, экономикалық қорқытуға теңеуге болады.
Трамп өткен аптада бүкіл әлемнен АҚШ-қа келетін тауарларға тарифті 10 пайыздан 50 пайызға дейін көтерді. Оның ойынша, мұндай саясат еркін сауда салдарынан ондаған жылдар бойы құлдыраған америкалық өнеркәсіптің қайта жандануына жол ашады. Алайда кейбір сарапшылар Трамптың тарифтері АҚШ-ты ғана емес, бүкіл әлем экономикасының дамуын тоқтатып, оны рецессияға ұшыратуы ықтимал деп отыр.
Арыстан Рысбек
