Жетісу облысында ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырған бухгалтерлер сотталды. Сарқан ауданы білім бөлімінің есепшілері және камералдық бақылау бөлімінің басшысына қатысты сот үкімі шықты. Олар бас бостандығынан айырылса, бірнешеуі ірі көлемде айыппұл төлейтін болды. Бухгалтерлер өздерінің таныстарына және қызметкерлерге артық ақша аудару арқылы қосымша табыс тапқан. Ұйымдасқан қылмыстық топ алдын ала белгіленген жоспар бойынша жұмыс істеген.
Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ресми өкілі:
Ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушылары білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару арқылы 4,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15 жылға, оның қатысушылары 9 жылдан 13 жылға дейін бас бостағынан айырылды.
Оңғар Алпысбайұлы
