Қазақ тіліне дубляждалған мультфильмдер мен фильмдер миллиондаған қаражат жинады. Отандық телеарналардың таралым аясы кеңейіп, шет елдерде тұрақты аудиториясы қалыптасты. Қазақ мектептерінде оқитын өзге ұлт өкілдерінің саны артты. Бүгін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтіп, өткен екшеліп, болашаққа бағдар жасалды. Ұйым биыл біршама ауқымды жобаны жүзеге асырмақ.
Жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатынан басталды. Оны Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Қазақ тілі – ұлттық бірегейлігіміздің нышаны, ел бірлігін нығайта түсетін басты құндылығымыз. Оны білім мен ғылымның ғана емес, бизнес пен технологияның тіліне айналдыру – негізгі міндеттің бірі. Мемлекеттік тілді құрметпен, кеңінен насихаттау – Қазақстанның әрбір азаматының қастерлі парызы. Осы орайда қоғамның қызметіне белсене атсалысып жүрген жанашыр жандарға шынайы ризашылық білдіремін.
Ұйым ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жастар, әсіресе балалар арасында оны кеңінен насихаттау мақсатында шетелдің танымал фильмдері мен анимациялық өнімдерін мемлекеттік тілге дубляждау жұмысын жандандырған.
Рауан Кенжеханұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:
Атап айтсақ, өткен жылы Disney, Pixar және Sony студияларының «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша», «Веном» атты фильмдерінің дубляжы жасалып көрсетілді. Аталған фильмдердің қазақша қаралымы бұрынғымен салыстырғанда 2-3 есе артты. Сондықтан бұл жоба биыл да жалғасын табады деп келістік.
Аталған фильмдер бірнеше күнде миллиондаған қаражат жинады. Қоғамды контент арқылы қазақ тіліне баулу ісін отандық телеарналар да сәтті жүзеге асырып келеді. Мәселен, «Qazaqstan» және «Balapan» арналарының таралым аясы Өзбекстан, Қырғызстан және Монғолия елдеріне дейін кеңейіп, тұрақты аудиториясын қалыптастырды.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жылына қазақ тілінде 100 мың сағат видео және аудиоконтент өндіреді. Бұл – Корпорация құрамындағы 22 теле және радиоарналар бойынша өткен жылдағы көрсеткіш. Ал тек балалар үшін «Balapan» арнасы арқылы бір жылда 6 мың сағатқа жуық тележоба өндіріледі. Бұл контенттің барлығы күн сайын эфирден тыс, әлеуметтік желідегі 12 миллион 600 мың аудиториямызға таратылып отыр. Яғни біз интернет платформалардағы осыншама аудиторияны қазақ тіліндегі сапалы контентпен қамтып отырмыз.
Мемлекеттік тілді меңгеруге арналған әдістемелік платформалар да қолжетімді бола түсті. Бейне, аудиосабақтар, оқу құралдары, тест тапсырмалары және сөздіктердің сайттары жасалды. Қазір елімізде 115 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Былтыр 46 мыңға жуық адам аталған орталықтарда қазақ тілін үйренді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Тілдің болашағына қатысты пессимизмнен арылу қажет. Әрине, егемендігімізді енді алған кезде тіл мәселесі күрделі еді. Сол уақытта тілді сақтап қалу жөнінде түрлі пікірталас болғаны анық. Бірақ одан бері заман оңалды. Қазіргі жағдайды ол кезбен салыстыруға болмайды. Барды бар деуіміз керек. Ана тіліміздің қолдану аясы күн санап кеңейіп келеді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ендігі мақсат - қазақ тілін жаһандық технологиялармен ұштастыру. Яғни, жасанды интеллект пен түрлі платформаны пайдалану арқылы ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту көзделіп отыр.
Нұрсұлтан Тілектес
