Украина келіссөз үстеліне қатыса ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина келіссөз үстеліне қатыса ма?

16.02.2025

Осы аптада рас, соғысқа байланысты дәлірегі – атысты тоқтатуға орай неше түрлі мәлімдемелер жасалды. Атақты Мюнхен конференциясы өте бір нервозды жағдайда өтті.

Сонымен АҚШ президенті Д.Трамп алдымен Ресей президенті В.Путинмен телефонмен сөйлесіп, оны өзі баяндап бергенде кезекті рет әріптесіне симпатиясы бар сияқты әсер қалдырды. Оны АҚШ-қа шақырғаны, өзі де Мәскеуге барамын, алдымен Сауд Арабиясында кездесеміз деуі, Ресейді қайтадан үлкен жетілікке шақыруы, оның соғыс ашқан агрессор екенін мүлде айтпағаны «Украинаны сатып кетті» деген реңктегі талқының тұздығы болып отыр.

Ең қызығы, Мюнхен конференциясында АҚШ-тың вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнс сөйлеген сөзінде соғыс туралы бір ауыз айтпаған. Еуропа сөз бостандығын шектеп отыр, Еуропаның проблемасы өз ішінде деген сипаттағы нотация оқып, Еуропа лидерлерінің шамына тиді. АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы уәкілі Кит Келлог ғана біршама ақпарат берді. «Бітім келісіміне келу үшін Украина келіссөз үстелінде болады» деді, ол. Бұл АҚШ пен Ресей бітім жөнінде екіжақты келіссөз жүргізіп, Украина мен ЕуроОдақты қатыстырмайды деген алаңдаушылық артқанда естіген маңызды ақпарат. Бірақ келіссөзге ЕуроОдақ өкілдерінің тікелей қатысуы қарастырылмағанын да айтты. «Еуропа көшбасшыларымен сөйлесіп, олардың ұсыныстарын сұрап жатырмыз, Еуропа мүдделері ескеріледі» дейді.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский де, ЕуроОдақ көшбасшылары да бейбітшілік келісіміне ЕуроОдақ өкілдері тікелей қатысуы керек деген. Кит Келлогтің сөзінше, келіссөзге Ресей мен Украина және бітімгер ретінде АҚШ анық қатысады. Келіссөзді 180 күн ішінде ұйымдастыратын да - Келлог.

Ал енді басты сұрақ – Украинаға қауіпсіздік кепілі не болады? НАТО-ға қабылданбайтынын АҚШ анық айтты. Басқа қандай жолдар бар? Жаңағы Келлог «АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін берудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр» деді. «Атыстың тоқтауы мен бітім келісім Украина үшін жетістік болмайды, жетістіктің өлшемі – келісімді бұзуға жол бермейтін қуатты кепілдік» дегені келіссөз басталмай жатып соғыс ашқанға «көзірлерді» бере салғандай түңілушілікті сәл де болса басады. Жалпы қазіргі ситуацияны сипаттау қысқа қайыруға келмейді. Д.Трамп пен В.Путиннің болмысы және стилі, осы уақытқа дейінгі қалыптасқан жағдай, ЕуроОдақтың әрекеті немесе әрекетсіздігі, тағы басқа контексттерді жақсы білу керек.

Иә Украина президенті жаңа реал шыққанын бірден ұққан сияқты. Ол Мюнхен конференциясында сөйлеген сөзінде еуропалық бірегей қарулы күштер құруға шақырды. «Біз Еуропаның қарулы күштерін Еуропаның болашағы тек еуропалықтардың өздеріне тәуелді болатындай, ал Еуропа туралы шешім Еуропада қабылданатындай етіп құруымыз керек», - деді В.Зеленский. Соғыстың тоқтағаны өте маңызды. Соғысты қайта бастамайтынына кепіл одан да маңызды. Декларациялар мен жарғылар, тағы басқа «міне, мынау кепіл береді» дейтін құжаттардың күресінге тасталғаны жаман. Рас ойын ережесі өзгерді. Ереже жоқ.


Хабарламаларға жазылу