Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, былтыр жемқорлар мен олигархтардан 670 млн доллар немесе 300 млрд теңге қайтарылған. «Қайтарылған қаржы қайтадан ұрланбай ма?»- деген сауалға Агенттік төрағасының орынбасары Ұ. Сарқұлов «Қайтарылып, әлеуметтік нысандар салынып жатқан ақша тағы тоналса, біз аймандай боламыз» деген. Мемлекеттік қызметші сондайға жол берсе, оның құны көк тиын деп қосқан.
Негізі Сарқұловша айтқанда «құны көк тиын» мемлекеттік қызметші азаяр емес. Сарқұловтың бұрынғы әріптесі – дәлірегі Шымкенттегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жетекшісінің орынбасары болған Дәуренбек Қожабаевқа байланысты сот жүріп жатыр. Қожабаевқа парамен ұсталған мектеп директорынан пара алды деген айып тағылып отыр. 42 млн теңге. Дәуренбектің ағасы Мақсат Қожабаев 2023 жылы алаяқтық бабы бойынша 5 жарым жылға сотталған. Әркім өзіне жауап береді, әрине. Тек ағасы да жемқорлықпен «күрескен». Ол Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болған.
Сонымен бірге осы аптада жемқорлықтың қаншалықты жайлағанын анықтайтын индекстің былтырды қамтыған рейтінгісі шыққан. Қазақстан 100 баллдан 39 балл жинап, 88-орынға жайғасқан. Өзбекстан, Ресей, Түркіменстаннан алда. Армения мен Молдовадан артта.
Антикордың хабарлауынша, бұл еліміз үшін жаңа тарихи көрсеткіш.Рейтинг түрлі 9 ұйымның негіздемелері бойынша құрастырылған. Мемлекеттік сектордағы коррупция қаншалықты сезілетінін сарапшылар мен бизнесмендердің бағалауынан туатын пайым. Жағдай шынымен жақсарды ма? Көп ұсталып жатыр. Дұрыс-ақ. Бірақ тонауға мүмкіндікті азайтатын тетіктеріске түгел қосылды ма? Екіншіден жариялылық пен ашықтық иммитациясы азайды ма?
