Биыл фермерлерге қандай көмек беріледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл фермерлерге қандай көмек беріледі?

16.02.2025

Елімізде жанармай бағасы ырқына жіберілгені мәлім. Көктемгі егіс, жалпы ауыл шаруашылығында науқан басталуына аз қалды. Салаға көмек қалай беріледі? Фермерлерге қарыз қайтарылып жатыр ма? Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша «бәрі бақылауда».

Күту парағы бойынша 194 млрд теңге төленеді, минералды тыңайтқыш үшін тағы 48 млрд теңге резервтен бөлінеді. Биыл жалпы 400 млрд теңге қарастырылған, төлем «ақырындап, кесте бойынша» жасалып жатыр, дейді министр. Тұқым себу және терім жұмыстарына 700 млрд теңге, 5 проценттік жеңілдетілген лизингке 200 млрд теңге бөлеміз деп жалғастырған. Журналистер фермерлердің «зорға тіршілік қылып отырмыз» дейтін үздіксіз арыз-шағымын келтірген. А. Сапаров «Қай шаруашылықты құртып тынайық деп отырмыз, айтыңызшы? Министрлік бағдарламаларды қабылдайды, мемлекеттік қолдауды көбейтеді. Кім ол, егер шаруамен дұрыстап айналыса алмайтын болса, фамилиясын беріңізші, сөйлесейік» депті.

Бірақ несиеден несиеге кірген шаруалар өтірік жылайды деп ойламаймыз. Олар өздеріне тиесілі ақшаны қашан алатынын білмейді.

Айтпақшы осы аптада ауыл шаруашылығы министріне Премьер-министр дүрсе қоя берді. Үкімет отырысында спутник арқылы алатын мәліметтер және жасанды интеллекттің көмегімен Өзбекстанда жердің құнарына, өнімділігіне мониторинг жүргізетін қазақстандық компанияның негізін қалаушы сөз сөйлеген. Олжас Бектенов «Міне, жарқын мысал – Өзбекстан біздің технологияларды қолданады. Айдарбек Сейпеллович, осы мәселені бүгін қолға алыңыз. Өзбекстан ақша бөледі, біздің IT мамандары жұмыс істейді. Ал сіздер ше? Суды үнемдемейсіздер ме, сонда? Мына технологиялар бойынша үнемдеңіздер!» деп столды тарс еткізіп қойып қалмаса да, аздап ұрғылап қойған.

Қомақты қаржы бөлінсе де фермерлердің қабағы неге ашылмайтыны туралы Елдос Есенболдың кезекті сараптамасы.

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу