Қарағанды облысының электриктері шаңғымен де жүре береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының электриктері шаңғымен де жүре береді

14.02.2025

Шалғай ауылдарға шаңғымен қатынайды. Қарағанды облысының Нұра ауданында электр мамандары ауылды жарықсыз қалдырмау үшін ақау шыққан жерге шаңғымен жетуге мәжбүр. Себебі биыл өңірде қар қалың, елдімекеннен жырақта тұрған электр бағандарына арнайы техниканың өзі бара алмайды.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Мына бағандардың бірінен ақау шықса, бірден бірнеше ауыл жарықсыз қалуы мүмкін. Сондықтан электр мамандары аяқтарына дәл осылай шаңғы киіп, әр бағанды жеке тексеруі тиіс. Ал Нұра ауданында желілердің жалпы ұзындығы 2700 шақырымды құрайды.

Нұрдәулет Қаскенов Нұра ауданы электр желілері мекемесінде жабдықтаушы болып жұмыс істейді. Қыс түссе, аяғына шаңғы байлап, шалғайда жатқан электр бағандарының әрқайсысын жіті тексереді. Қырағы болмаса, тұтас ауыл қараңғылық құшағында қалады.

Нұрдәулет Қаскенов, Нұра ауданы электр желілері мекемесінің қызметкері:

Жұмыс оңай емес. Жазда, қыста жарық беріп отыру керек. Жарық болмай қалған жағдайда елге қиын. Қазір бірінші орында тұрады. Сондықтан қосылып тұру керек. Қыстағы қиындық осы. Жол болмайды, линияға шығамыз. Шаңғымен жүреміз.

Әсіресе ұйытқыған ақтүтек боранда электр желілерінен жиі ақау шығады. Мамандардың біліктілігінің арқасында ауданға қарасты 25 ауылдық округ қысы жазы үздіксіз жарықпен қамтамасыз етілуде.

Жангелді Ысқақов, Нұра ауданы электр желілері мекемесінің қызметкері:

Ыстық-суыққа қарамай жүре береміз, жұмыс қой. Бастысы - ауылда, ауданда сөнбесе болды. Шаңғымен ғана емес,  ауыр-ауыр құралдар бар. Одан қалды изолятор бар, оның барлығын сүйреп жүру - ауыр.

Жұмыс ауыр болса да, табандылық пен төзімді қажет ететін жұмысқа соңғы жылдары жастар көптеп келе бастаған. Қазір Қарағанды облысы бойынша ең үлкен электр желілерінің учаскесіне жауапты мекемеде 115 адам еңбек етеді.

Санжар Ерімов, Нұра ауданы электр желілері мекемесінің басшысы:

Негізі біздің Нұра ауданының электр желілері ең үлкені. Бір шеті Шұбаркөлден бастап, басқа шеті мына Қорғалжыңда бітеді. Ауылдарда свет сөнген кезде кейбір кезде жол да болмайды. Оған қарамай біздің жігіттер жол жоқ жерлерге шаңғыларын киіп алып барады.

Жарық сөнсе, ең алдымен әлеуметтік нысандардың жұмысы тұралайды. Сол үшін энергетиктар күн-түн демей үздіксіз жұмыс істеуге бар. Қалтқысыз қызмет еткен еңбек адамдары елге жарық пен жылу сыйлағаннан артық мәртебе жоқ деп есептейді.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу