Басты Жаңалықтар Мүгедектердің төтенше жағдайдағы мәселесі Сенатта талқыланды

Мүгедектердің төтенше жағдайдағы мәселесі Сенатта талқыланды

Меруерт Құлахметова, «Кедергісіз KZ» мүгедектігі бар тұлғалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біз Алматы тұрғынымыз. 2024 жылы біз үлкен жер сілкінісіне тап болдық. Сол кезде өзіміздің қандай әлсіз екенімізді байқадық. Қандай алгоритім бар? Қандай көмек жасауымыз керек? Қайда жүгінуіміз керек? Қай жақтан көмек алуымыз керек? Соның бәрін білмедік.

Арбаға таңылған бұл жан Меруерт Құлахметова. Өзі сынды мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтеріп жүр. Нақты айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандар төтенше жағдайда көрсетілетін қызметтің заңмен бекітілгенін қалайды. Бүгін бұл мәселе Сенатта талқыланды. Осы мақсатта түрлі қоғамдық ұйым өкілдері Парламентте өз ұсыныстарын жеткізді. Біріншіден, апатты жағдайда оларды эвакуациялау ережесі бекітілсе дейді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайтын әлеуметтік қызметкерлер арнайы оқудан өтуі тиіс деп санайды. Себебі олар нақты төтенше жағдайда көрсетуі тиіс қызмет жайлы білуі керек. Сонымен қатар мүгедек жан жайлы нақты ақпарат қажет. Мысалы, ол адам арбаға таңылған ба, әлде зағип жан ба, осы сынды ақпараттың нақтыланғанын қалайды. Бұл құтқару қызметін біршама жеңілдетуге сеп болады деп санайды ұсыныс иелері.

Айгүл Қапбарова, Сенат депутаты:

 Мүмкіндігі шектеулі жандарға төтенше жағдайда қалай хабар беру керек? Оларға хабарламаны қалай жеткіземіз? Міне, осы сынды мәселе көп. Бүгін бәрін талқылап, сол адамдардың өзінен естіп, қорытындысын ұсыныс ретінде арнайы министрлікке жолдаймыз.

Самал Қабышева

Бөлісу