1 ақпаннан бастап шаруаларға арзан бағада дизель отынын жеткізу басталды. Бұл жұмыстар 30 маусымға дейін жалғасады. Жеңілдетілген дизель отыны көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін беріледі. Қазір 400 мың тоннадан астам бұл отын түрі дайын. Бүгін Премьер-министрдің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды. Жұмыс қалай жүріп жатыр? Үкімет отырысынан Самал Қабышева толығырақ.
Нарық бағасынан 15 пайызға арзан. Шаруаларға дизель отыны осындай жеңілдікпен берілмек. Бірақ жергілікті әкімдіктер жұмысы саябырсып тұр. Себебі олар шаруаларға дизель отынын жеткізу және өткізу жөніндегі операторларды анықтау үшін конкурстық рәсімдерді жүргізуі тиіс. Бірақ бұл жұмысты жалғыз Қызылорда облысынынан басқа бірде-бір өңір жүргізбепті. Энергетика министрі осылай деді. Сондықтан өңірлер жедел жұмысқа кіріспесе, шаруаларға тиесілі дизель отыны уақытында жетпей қалуы мүмкін. Ал көктемгі егіс жұмыстарына берілетін дизель бағасы шашамен осындай болмақ.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Энергетика министрлігі ұсынатын дизель отынының қазіргі бағасы тағайындалған станцияға дейін литріне 232 теңгені құрайды. Түпкі бағаны операторлар белгілейді және литріне 254 теңге құрауы мүмкін. Бұл литріне теңгеге арзан немесе АЖҚС бөлшек сауда бағасынан 15%-ға төмен.
Үкімет басшысы шаруаларға тиесілі арзандатылған жанар-жағармайдың мақсатсыз жұмсалуына жол бергендерге қатаң шаралар қабылдауды ескертті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы экономикалық өсуде аграрлық сектор ерекше атап көрсетті. Биыл егіншілік саласын қаржыландыру мәселесі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге дейін жетті. Жеңілдікпен 400 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиені тиімділігі мен жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға ғана беруі керек.
Ал техника дайындығына келетін болсақ, қазір 75%-ға дайын. Бұл - Ауыл шаруашылығы министрінің Үкімет басшысы алдында берген есебі. Техникаларды жаңарту үшін биыл жеңілдетілген лизингке 200 млрд теңге бөленді. Жоспарға сәйкес, қаржыландыру осы айда басталады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Тұқыммен қамтамасыз етті. Егіс науқанын сәтті өткізу үшін жоғары сапалы тұқым материалын дайындау маңызды. Облыс әкімдіктерінің ақпараты бойынша 2025 жылғы егінге 2,3 млн тонна тұқым қажет, ол бүгінгі күні толығымен қамтамасыз етілген.
Биыл дән-дақылды өсіруге басымдық берілмек. Әртараптандыру бағдарламасы 1 млн гектарға жуық алқапты қамтиды. Осылайша тиімділігі жоғары дақылдардың аумағы 750 мың гектарға артатын болады. Оның ішінде майлы дақылдар алаңы 365 мың гектарға, арпа – 114 мың гектарға, қарақұмық – 41,5 мың гектарға, картоп – 15 мың гектарға ұлғаяды.
Самал Қабышева, тілші:
Енді елімізде бидай егу азаяды. Оның орнына дәнді дақылдардың алқабы артады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі айтты. Айдарбек Сапаров айтуынша, қазір майлы және бұршақ дақылдары ішкі және сыртқы нарықтарда сұраныс ие. Және олардың бағасы тұрақты, әрі жоғары. Мәселен, бидайдың орташа бағасы тоннасына 65-70 мың теңге болса, зығыр және рапс сияқты экспортқа бағытталған дақылдардың бағасы 200 мың теңгеге дейін бағаланады деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Самал Қабышева
