Түркияның туристік Анталия қаласы маңындағы теңіз жағалауында пластик мөлшерден тыс көбейіп кеткен. Жерорта теңізінің түбін зерттеген ғалымдар теңіз табанына шөккен микропластиктің мөлшері тым көп деп отыр. Жыл сайын теңізге 230 мың тонна пластик қоқыс тасталады. Оның 99 пайызы теңіз түбіне шөгіп, экожүйеге орасан зор зиян тигізуде. Көзге көрінбейтін микропластик балықтар мен теңіз жәндіктерінің еті арқылы адам денесіне де жайылады. Былтыр жүргізілген зерттеуге сай Жерорта теңізінің Түркияға жақын бөлігінде бір шаршы шақырым суда 374 келі пластик анықталған. Егер осылай жалғаса берсе, алдағы он жылда теңіздің суы енді тазаланбастай болады. Ғалымдардың айтуынша, Жерорта теңізін жағалай отырған Мысыр, Сирия, Грекия, Израиль сияқты елдер суға өте көп мөлшерде пластик тастайды.
Мехмет Гөкоғлы, теңіз экологы:
Жағажайға және суға тасталған пластик қоқыс уақыт өте келе кішкентай бөліктерге ыдырап кетеді. Осылайша теңіз экожүйесіне орасан зор зиян тигізеді. Біздің анықтағанымыздай, қазіргі таңда теңіз жәндіктерінің барлығының бойында микропластик бар. Бұл мәселені шешуді әлем болып қолға алуымыз қажет.
Айдос Әшімұлы
