Өзбекстанда қоқысты бейберекет тастағаны үшін салынатын айыппұл көлемі артады. Барлық аймақта онлайн камералар орнатылып, экологияға залал келтіргендерді анықтау жедел қолға алынып жатыр. Ал тұрғындар қоқыс тасымалы қызметіне қарыз болған жағдайда электр энергиясы үшін төлем жасауын шектейтін заң қабылданды. Енді берешегін 5 күн ішінде төлеп үлгермегендер жарықтан қағылады. Соңғы төрт жылда қалдықты шығару тарифтері қайта қаралмаған дейді мамандар. Есесіне арнайы техникаға кететін шығындар мен жанар-жағармай бағасы көтеріліп жатыр. Тұрмыстық қалдықты жол бойына тастап кеткен азаматтардың әрқайсысы 375 мың сум көлемінде айыппұл арқалайды. Бұл шамамен 15 мың теңге. Заңды тұлғалар үшін айыппұл бұдан бірнеше есе көп.
Асилзода Адилбаева, Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің маманы:
Белгіленбеген жерге қоқыс тастаған азаматтарды онлайн камералар арқылы анықтаймыз. Мұндай бұзушылықтар арнайы орталықта тәулік бойы бақыланады. Тұрғындар бейберекет қоқыс тастаған жағдайда жедел түрде құқық қорғау органдарына хабарлаймыз.
Базаркүл Отыншиева