Қосымша құн салығының мөлшері бойынша Үкіметтің нақты есебі ақпан айының ортасына дейін белгілі болады. Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деді. Оның айтуынша, бұл мәселе алдымен сарапшылар және сала өкілдерімен кеңінен талқыланады. Осыдан кейін оны Үкімет депутаттардың талқысына салады. Сонымен қатар Үкімет қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр. Қазір бұл меже - 78 млн теңге. Яғни, егер өзгеріс жүзеге асса, жылына 15 млн теңге табатын кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлейді. Қосымша құн салығының өсуі тауар бағасына айтарлықтай әсер етпейді, деді Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
Менің ойымша, 4, 5-6 пайыздан көп көтерілмейді. Инфляция көтеріледі, әрине, бірақ қысқа мерзімге. Есептесек, бір жылдан астам болмайды. Басқа, Үкіметке, болашаққа кері әсері бұдан да көп. Себебі 6-7 трлн қосымша ақша бізде ертең Үкіметтің даму бюджетіне барады.
Қосымша құн салығының өсуінен түсетін қаржы еліміздің инфрақұрылымын жақсартуға, экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсалады дейді, экономистер.
Айгүл Көшербаева, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономист:
Ол не үшін керек?! Ол бүкіл әлемдегі өте күрделі реформалардың бірі. Салық жинау - бюджеттің қоржынын кәдімгідей үлкейту деген. Егер салық түспесе, бюджет керекті қаржыны ала алмай қояды.
Нұрсұлтан Тілектес