Көрнекті ғалым, танымал публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев биыл 75 жасқа толды. Қайраткердің ғылыми-педагогикалық қызметінің 50 жылдығына орай Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мерейтой иесіне Президент бастап, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдері, сондай-ақ «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы құттықтау хат жолдап, жылы лебізін білдірді. Басқосуға жиналғандар Намазалы Омашевтың қазақ журналистикасының жаңа деңгейге көтерілуіне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Қайраткер 5 монография, 6 оқулық, 5 ғылыми-публицистикалық еңбектер жинағы, 7 оқу құралы мен 300-ден аса ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы. Оның жетекшілігімен 20 кандидаттық және 3 докторлық диссертация қорғалды.
Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы:
Қазақ журналистикасы томаға-тұйық, өзі бір кеңестер одағы кезінде бір республикада қалып қойған журналистика болып тұрған кезінде соны әлемдік деңгейге алып шыққан ғалым. Әлемдік журналистік оқыту процесін бізге әкелген адам. Дизайн, компьютерлік технология, интернет журналистика деген сияқты пәндердің барлығын осы кісі оқу жоспарына кіргізген.
Еңбек жолын 1974 жылы Қазақ радиосынан бастаған Намазалы Омашев елдегі беделді ЖОО-да 50 жыл ұстаздық етті. Түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Талай тілшінің томағасын сыпырған ғалымның еңбектері мен ғылыми зерттеулері баспасөздегі талай буынның бағыт-бағдар түзер темірқазығына айналды.
Ұлықбек Есдәулет, ақын, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы:
Күні бүгінге дейін 40 шақты кітап жазыпты. Оның көбі зерттеу кітаптары. Қазақ зерттеу ғылымындағы үлкен ғалымдардың ішінде өзінің орны ерекше тұратын ғалым ол – Намазалы Омашев деп ауыз толтырып айтуға болады.
Қуан Нұрақын