Жұмысшы мамандарға арналған ипотека. Елімізде таяуда «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылады. Бұл – техникалық мамандарға арналған тұрғын үй несиесі. Өтінімдер 17 наурыздан бастап Отбасы банк арқылы қабылданады. Егер үміткер бірінші нарықтағы әрленген дайын пәтерді сатып алғысы келсе, 10 пайыздық алғашқы жарнасы болуы қажет. Ал егер әрленбеген жаңадан салынған үй немесе қайталама нарықтан сатып алу жоспары болса, 20 пайыздық жарнасы болуы шарт. Ипотека әлеуметтік осал санатқа жататындарға 7 пайызбен, басқаларға 9 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Несие көлеміне қатысты шектеу бар. Облыстардағы тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға 30 млн теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге деп белгіленген. Жоба аясында 72 млрд теңгеге 2 мың 440 несие беру жоспарланғанын айта кетейік.